Алматылық мұғалім: №10 мектеп-интернаты директоры жұмыс кабинетінде бірнеше рет зорлады
Директор міндетін атқарушы күдікті осы шудан кейін өз еркімен арыз жазып, жұмысын тастай қашқан
Алматыда аз қамтылған отбасы балаларына арналған №10 мектеп-интернаты директорының міндетін атқарушы сексуалдық жанжалдан соң қызметінен кетті, деп жазды "КҮН.КЗ" сайты. Оған бастауыш сынып мұғалімі Гүлмира Тәжібаеваның ток-шоулардың бірінде сөйлеген сөзі себеп болды. Қызметкердің айтуынша, мекеме басшысы жұмыс орнында оны балағаттап, жыныстық қатынасқа түсуге мәжбүрлеген. Мәлімет бойынша, ер адам кабинетінде қызмет бабын пайдаланып, қызметкерін жұмыстан тыс уақытта кездесуге мәжбүрлеген. Ол амалсыз 35 000 теңгесін қиып, басшысын дәмханаға шақырады. «Отырыстан шыққан соң жаныма жақындап, шешіне бастады. Жыладым, қарсылық көрсеттім, тиіспеуін өтіндім, бірақ мені тыңдаған жоқ. Жыныстық қатынасқа түсуге мәжбүрледі», – дейді Гүлмира Тәжібаева көзіне жас алып. Ұстаз бастықтың кек алуынан қорқып, оқиғаны құқық қорғау органдарына хабарламаған. Содан кейін ер адам бірнеше ай бойы бағыныштысын басынуды жалғастырып, тағы жыныстық қатынасқа түсуді сұраған. Жәбір көруден шаршаған ол «Ащы шындық» ток-шоуына жүгінген. Бағдарламаға барған мұғалім заңгерлер Айдын Нұрмұхамбет пен Мейірман Шекеевтің көмегіне жүгініп, Алматы қалалық әкімдігіне шағымданған. Түсірілімнен кейін телестудиядан шыққан мектеп директоры жұмыстан кету туралы арыз жазған. Келесі күні ол бет-бейнесін теледидарға шығаруға қарсылық білдірген. Барлық арыз-шағым шешімін тауып, дау толық шешілгенге дейін редакция хабар таратуды уақытша тоқтатты. Дереккөзі:Астана арнасы