Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Қайыржан Бекхожин- қазақ баспасөзі тарихын зерттеуші, ғалым

Қайыржан Бекхожин- қазақ баспасөзі тарихын зерттеуші, ғалым
ашық дереккөз
Тарих ғылымдарының докторы, профессор, журналист, публицист Қайыржан Нұрғожаұлы Бекхожин қазақ баспасөзінің тарихын зерттеу ісіне елеулі үлес қосқан ғалым. Оның «Қазақ баспасөзінің даму жолдары» (1860 — 1930 жылдар) атты кең көлемді монографиялық жұмысы қазақ баспасөзінің 70 жылдық тарихын баяндаған тұңғыш еңбек болды. Бұл монография қазақ баспасөзінің пайда болу кезеңінен бастап оның қалыптасуы мен даму тарихын нақты деректермен ғылыми түрде баяндап, баспасөздің мақсат-мүддесін көрсетті. Автор кітабының Алғы сөзінде: «Біз қазақ баспасөзінің бетінде әр кезеңдегі тарихи оқиғаларға байланысты көтерілген басты-басты мәселелерге тоқталдық, оны талдау арқылы әрбір баспасөз органының  идеялық мазмұнын, белгілі дәуірде атқарған рөлін көрсетуге тырыстық» деп мақсатын айқындап берді. Келер жылы ғалымның еңбегінің жарыққа шыққанына 60 жыл толады екен.  «Қазақ баспасөзінің даму жолдарын» жазуда Қ. Бекхожин мұрағат деректерін ақтарып қана қоймай, баспасөздің түптұсқаларын парақтап, басқа да ғалымдардың зерттеу еңбектеріне сүйенді. Ол орыс империясы кезеңінде зерттеу жұмысының оңайға соқпайтынын сезе білді. Талай рет сынға да ұшырағандықтан оған Кеңес өкіметі тарапынан «байшыл-ұлтшыл керітартпа бағыттағы басылымдарды дәріптеді» деген айыптар тағылды.  Қайыржан Бекхожин өз өмірбаянында: «Мен, Бекқожин Қайыржан Нұрқожаұлы 1910 жылы 25 желтоқсанда Павлодарда дүниеге келдім. Әлеуметтік шыққан тегім кедей-шаруа. Менің ата-анам Қазан революциясына дейін мал шаруашылығымен айналысты. Көшпенді кедейдің отбасын асырауға қажетті аздаған малы болды. Кеңес уақытында жартылай көшпелі өмір сүріп, кейін ұжымшар құрамына кірді» дей келе, әкесі жайлы: «Әкем 1932 жылы қайтыс болды, анам одан бұрын дүниеден өтті. Әкем, Нұрқожа Бекқожа Семей губерниясы, Баянауыл уезі, Қарамола болысыннан шыққан, өз кезегінде рухани білім алғанмен, демократиялық бағыттағы айтыскер ақынға айналды» [1, 7 б] деп жазады.  Оның бұл өмірбаян жолдарынан қарапайым отбасында тәрбиеленіп, өскенін байқаймыз. «Ағайынды қоңыр қаз» деп өз ағасына өлең арнаған ақын Қалижанның жары Зайда Бекқожина атасы жайлы естеліктерінде былай жазады: «Нұрекең атамыз алғыр, оқыған, аса білімдар, шапшаң, діндар адам болған екен. Ол кісі «от ауызды, орақ тілді» сөзге шешен, мақал-мәтелдеп сөйлейді. Шығыстың классикалық поэзиясынан көп сусындап, тағылым алған Нұрекең өзі де өлең жазып, талай айтысқа түскен» [2, 3 б]. Әкенің осындай алғыр қасиеттерінің арқасында ұлдары қос Бекқожин үлгі алып, білім жолына ден қояды. Қайыржан араб графикасынаның негізінде оқу мен жазуды үйргенгенен кейін әкесі орысша сауатын ашу үшін оны орыс мектебіне береді.  Қазақстанның Халық жазушысы Мұзафар Әлімбаевтың еш жерде жарияланбаған бір естеліктерінде Мәшһүр Нұрқожа жайлы: «Қайыржанның әкесі ғұлама, өткір тілді, ақын болған. Ол кісі туралы балалық шақта естіген мынадай бір әңгіме бар...» дей келе, Кереку төңірегінде орысша оқыған, көзі ашық Жексен Тамаев деген адам қатты сырқаттанып, қаладағы діни оқығандарды шақыртады. Солардың ішінде Нұрқожа да болып, Жексеннің сұрағына ұтымды жауап берген. Сонда Жексен: «Міне нағыз молда! Өзгелерің қайта беріңдер» деп Нұрекеңе риза болған екен. Ал Қайыржан Бекхожин жайлы: «Қайырекең қашанда сабырлы, көнтерлі тең тұстарымен де, жасы кішілермен де, тіл табыса беретін жарқын мінезді жан еді...» деп жазады.   Профессор Қ. Бекхожиннің журналистік қызметі 1929 жылдан бастау алады. Ол Павлодардағы Кереку аудандық «Колхоз» газетінде шағын заметка жазудан бастап, кең көлемді очерк жазуға дейін айналысады. Еңбектері жайлы филология ғылымдарының кандидаты, доцент Ғалия Майкотова: «Ғалымның журналистік мұрасының ерекшелігіне келсек, негізінен 30-жылдардағы ауыл өмірін суреттеген проблемалық очерктер мен сыни мақалаларды көп ұшырастырдық. Зерттеу барысында оның журналистік қыры жайлы жазылған бірден-бір мақала, еңбек кездестірмедік» [3, 13 б]. Расымен де, ғалым журналистік жолында очерктердің талайын жазып, сыни мақалалармен сол кезеңнің өзекті тақырыптарын көтерді. Оның ең алқашқы «Колхоз» газетіне жазған «Қалың малы 600» атты заметкасы әйел теңдігі мәселесін көтерді. Заң орындарының бұған тиісті жазасын беруді талап етті. Одан өзге «Балалар тәрбиешісі ұрлық қылады» («Колхоз» газеті. 1931, 5 тамыз), «Тұқым ұрлаушы дереу жазаға тартылсын» («Колхоз» газеті. 1934, 3 маусым), «Жүз елу бас үшін» («Екпінді» газеті, 1935, 18 қаңтар), «Обаған ауданы олқылықты тез жоюы керек» («Большевиктік жол» газеті, 1945, 12 шілде), «Кітапты қалай пайдалану керек?» («Пионер» газеті, 1949, №3) және тағы да басқа мақала-очерктері баспасөз беттерінде жарыққа шықты.  Ғалым 1929-1934 жылдар аралығында «Колхоз» газетінде қызмет атқарғанан кейін, 1935 жылы Семей облыстық «Екпінді» газетіне қызметке орналасады. Ол 1979 жылға дейін 300-ге тарта проблемалық мақала, хабар, заметка, сыни пікірлер мен фельетондар жазып шықты. Ал 1942-1945 жылдар аралығында «Большевиктік жол» басылымында редактор болды.  1945-1979 жылдар аралығында «Қазақстан мұғалімі», «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан»), «Қазақстан мектебі», «За отличную учебу» (қазіргі «Қазақ университеті» газеті) сияқты ғылыми журналдар мен басылымдарда қазақ баспасөзінің тарихы жайлы ғылыми публицистикалық жанрда мақалалар жариялады. Бұл жайында доцент Римма Жақсылықбаева: «Қ. Бекқожин қазақ мерзімді баспасөзінің тарихына арнап 60-тан астам ғылыми мақала мен «Қазақ мерзімді баспасөзінің даму жолдары» атты монографиялық еңбек жазған ғалым. Сондай-ақ оның қазақ баспасөзінің тарихын зерттеуге арналған публицистикалық мақалаларының бірі – «Қазақ ағартушылары туралы соны деректер» деп аталады» [4, 51 б] деп баға береді.            Профессор 1964 жылы шыққан «Қазақ баспасөзінің даму жолдары» (1860 — 1930 жылдар) атты кең көлемді монографиясында  Қазан революциясына дейін жарық көріп тұрған газет-журналдардың, оның ішінде «Түркістан уәләятының газеті», «Дала уәләятының газеті», «Қазақстан» газеті, «Айқап» журналы, т.б. баспасөздің қызметі мен ұстанған бағыттарын терең зерттеп, жан-жақты тоқталады. Автор алғашқы тарауында қазақ баспасөзінің тарихына көз жүгіртіп, еліміздің баспасөз тарихының Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбайұлынан бастау алатынын алға тартады.  Монография жеті тараудан тұрады. Әр тарау қазақ баспасөзінің белгілі бір тарихи кезеңдеріне байланысты жүйелі тақырыптардан құралған.  Ғылыми еңбекте халқымыздың ағартушылық саласына елеулі үлес қосқан ұлт перзеттерінің публицистикасы талданып, мерзімді баспасөздің пайда болуы жүйелі түрде берілген. Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарындағы Кеңес дәуіріндегі баспасөз монографиялық еңбектің жүйелі бір тарауы болып есептелді. Сол дәуірдегі халық шарушылығын қалпына келтіру, Кеңес өкіметі үшін қүрес, ауыл шаруашылығын қалпына келтіру және коллективтендіру, социалистік индустрияландыру кезіндегі газет-журналдардың мақсаты мен мәнін, мазмұны мен аудиториясын айқындады. Қазіргі уақытқа дейін қазақ баспасөзін зерттеп жүрген ғалымдарымыз ғалымның жоғарыда аталған монографиясын өз зерттеулерінде бағыт-бағдар алу үшін пайдаланып жүр.  Десе де, ғылыми еңбектің осал тұстары да болды. Ол туралы  ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Темірбек Қожакеев пен ғалым Б. Кенжебаев: «Автор совет тұсындағы көптеген газет, журналдарды өз тарапынан терең қарастырмаған сияқты. Олар туралы бұрынғы басқа авторлардың мақала, зерттеулеріндегі айтылған факті, пікірлерді пайдаланумен ғана қанағаттанған» дей келе, нақты дәлел ретінде: «Мысалы, автор «Шолпан», «Сана», «Әйел теңдігі», «Жаңа мектеп», «Жас қайрат» журналдары мен «Жұмысшы», «Ауыл тілі», «Қазақ тілі» (Семей), «Ауыл» (Қостанай), «Кедей» (Ақтөбе) газеттері туралы қосымша зерттеу жүргізбеген» деп сыни пікір білдіреді. [5, 4 б] Бірақ қорыта келе, «Әрине, бұл олқылықтардың болмағаны кітаптың мазмұнды құндылығын әлдеқайда арттыра түсетін еді. Сөйтсе де бұл баспасөз тарихын зерттеудегі алғашқы игі қадам» деп маңыздылығын тағы бір қайталап атап өтеді. Қазақ баспасөзін зерттеушілер Қ. Аллаберген, Ж. Нұсқабайұлы, Ф. Оразаевтар  «Қазақ журналистикасының тарихы» атты оқулығында кеңестік саясат пен біржақты иделогияның тұсында ұлттық тарихымызды тереңінен зерттеуде қайсарлық пен өжеттік көрсеткен Б. Кенжебаев пен Қ. Бекхожиндердің есімін ерекше атап өтеді. Мысалы:              – «Еліміз тәуелсіздік алғанға дейін біз өз халқымыздың тарихын жартылай бұрмаланған күйі оқып келдік... Бір жақты идеология мен кеңестік саясат екі қолымызды жіпсіз байлап, өткен-кеткен тарихымызды тереңінен зерттеуге мүмкіндік бермеді. Ал егер оған бел буғандар болса, қуғынға ұшырап, жер аударылды. Мысалы, бұл тұрғыда қазақ баспасөзінің тарихын алғаш зерттеушілер Бейсенбай Кенжебаев пен Қайыржан Бекқожиндерді атауға болады» [6, 3 б].  Монография өз заманында бірнеше рет сынға ұшырағаны жасырын емес. Кеңес заманында қазақ баспасөзін, жалпы қазақ тарихын зерттеуде үлкен қайшылықтар болды. Кейбір ғалымдар тіпті зерттеуге ешқандай себеп жоқ деген пікірлерді де айтты. Публицист, аудармашы Жұмағали Сәрсеков осы тұрғыда Б. Кенжебаев пен  Қ. Бекхожиндердің еңбектеріне қатысты: «Сондықтан да, бұл кітап көп реттерде тарихи шындыққа жат, ғылымға қайшы келіп отыратын, оқушыны теріс түсіндіретін, шатастыратын кітап болып шыққан. Бұл кітаптың шығуына тек қана өкінуге тура келеді» деген сыни пікір білдірген [7, 80 б]. «Бәрін айт та, бірін айт» демекші, қанша жерден ғылыми еңбектердің кемшіліктері мен олқылықтары кездессе де, бұл кітаптар қазақ баспасөзінің тарихын түгендеген алғашқы еңбектер болып қала бермек.  Қайыржан Бекқожин журналистика саласынан өзге 30 жылдан астам Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде аға оқытушы, кафедра меңгерушісі, журналистика бөлімінің деканы болып қызметтер атқарады. Бұл туралы оның шәкірті әрі журналист, Ұлы Отан соғысының ардагері Хабдышар Әмірен: «Қазақ журналистикасының тұңғыш деканы, шәкірттер арасында ақжарқын ағамыз атанған доктор, профессор Қайыржан Бекқожин артынан өшпестей із, мәнді де мағыналы іс қалдырған нағыз азамат еді. Қайыржан ағаның бір ғажабы, шәкірттермен әңгімелескен кезде: «осы отырған сіздердің араларыңнан ел басқаратын қоғам жетекшілері, мемлекет қайраткерлері шығады дейтін», – [8, 6 б] деп ұстазы жайлы толғаныспен баяндайды.  Ал Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, профессор Әбілфайыз Ыдырысов: «Қайыржан Нұрғожаұлы қой аузынан шөп алмайтын, қақ-соқпен жұмысы жоқ, тірі пенденің ала жібін аттамайтын, қысқасы біреуге болмасын демейтін, жауына да жақсылық жасауға дайын, жылпосты да, жағымпаз қуды да, алдампаз алаяқты да пенде ғой деп санайтын аса қарапайым, аса кішіпейіл, аса кісілікті адам еді» дейді [9, 12 б]. Қ. Бекқожин саналы ғұмырында қазақ баспасөзін зерттеудің алғашқы кірпішін қалап кеткен ғалым болды. Ғалымның адамгершілік, кісілік келбетін, ұлты мен халқы үшін адал қызмет еткендігін оны танитын замандастары жақсы біледі. Ол журналистік қызметтен, декан болғанға дейін шәкірттеріне талай көмектесіп, демеп отырды. Осы жайында: «Профеесор Т. Амандосов Қ. Бекхожиннің теориялық еңбектерін университет студенттерінің, газет қызметкерлері мен аймақтық тілшілердің қолдан түспес оқулықтарының бірі деп бағалайды» [10, 11 б]. Бүгінгі дейін оның құнды еңбектері өз маңыздылығын жоймай, баспасөз тарихын зерттеушілердің назарынан тыс қалған емес. Осындай тұла бойында кісілік пен ізгіліктің, даналық пен адалдықтың қасиеттері мол ғалымның соңынан жазып қалдырған  хаттары ешқашан өшпек емес! Сан ғасырлар мен жылдар сырғып өткен сайын оның есімі ұрпақ жадында мәңгіге сақтала бермек!        Пайдаланған әдебиеттер:
  1. Хайыржан Бекхожин: Жинақ / бас ред. Ғ. М. Мұтанов; әл-Фараби атын. ҚазҰУ. – Алматы: Қазақ ун-ті, 2011. – 381 б.
  2. ІІІ Бекхожин оқулары аясында өтетін «Мәңгілік ел» ұлттық...» республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы және студенттер мен жас ғалымдардың «Жас зерттеушілер» атты ғылыми форумының материалдары. 13 мамыр 2015 ж. – Алматы: Қазақ ун-ті, 2015. – 109 б.
  3. Майкотова, Ғ. Т. Қайыржан Бекхожин – журналист, публицист: моногр. / ред. басқ.      С. Қ. Қозыбаев; әл-Фараби атын. ҚазҰУ. – Алматы: Қазақ ун-ті, 2007. – 200 б.
  4. «Қазақ журналистикасының тарихын зерттеудің өзекті мәселелері: теориясы мен тәжірибесі» республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы және студенттер мен жас ғалымдардың «Жас зерттеуші» атты ғылыми форумының материалдары, 25 сәуір 2014 ж.: ІІ Бекхожин оқулары аясында /ҚР Білім және ғылым м-гі, әл-Фараби атын. ҚазҰУ. – Алматы: Қазақ ун-ті, 2014. – 334 б.
  5. Кенжебаев Б., Қожакеев Т. Игі қадам //Қазақ әдебиеті, 4 желтоқсан, 1964. 
  6. Аллаберген Қ., Нұсқабайұлы Ж., Оразай Ф. Қазақ журналистикасының тарихы (1870-2008): Монография. – Алматы: Білім, 2014. - 307 б. 
  7. Сәрсеков Ж. Тарихи шындық бұрмаланбасын //«Әдебиет және искусство» журналы, №7, 1951.
  8. Әмірен Х. Алғашқы декан //Жетісу, 11 желтоқсан, 2010. 
  9. Ыдырыс Ә. Ұстаз  //Егемен Қазақстан, 10 желтоқсан, 2010.
  10. Майкотова Ғ. Алыптың аманаты // Түркістан, 31 мамыр, 2012. 
Олжас ПАВЛИК, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың  журналистика факультетінің  2-курс студенті. Ғылыми жетекші: ф.ғ.к., доцент Ғ. Майкотова
Бөлісу:
kyn.kz
Автор

kyn.kz

kyn.kz - ақпарат агенттігі

Ұқсас жаңалықтар