Прокурор саясаткер Жанболат Мамайды шартты түрде 6,5 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады
Прокурор саясаткер Жанболат Мамайды 6 жыл 6 айға бас бостандығынан айырып, жазаны шарттыға ауыстыруды сұрады. Бұл туралы Жанболат Мамайдың әйелі, қоғам белсендісі Инга Иманбай әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады. Бүгін, 4 сәуірде Қаңтар оқиғасына байланысты айыпталып, үйқамақта отырған Жанболат Мамайдың үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша сотта жарыссөз басталды. – Прокурор Жанболатты 6,5 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Қылмыстық кодекстің 63-бабына сүйеніп, бұл жазаны шарттыға ауыстыруды сұрады, – деп хабарлады Инга Иманбай. Оның жазуына қарағанда, айыптаушы прокурор Жанболат Мамайдың қоғамдық-саяси іспен, журналистикамен айналысуына, әлеуметтік желілерге жазып, хабар таратуына, партия, қоғамдық ұйым құруына да 6 жылға дейін тыйым салуды сұраған. "Қазақстанның демократиялық партиясын" тіркей алмаған оппозициядағы саясаткер Жанболат Мамай былтыр ақпанда Қаңтар құрбандарын еске алу жиынына қатысқаны үшін ұсталған. 15 күн әкімшілік қамауға алынған Мамай ізінше тергеу изоляторына ауыстырылды. Оған "жалған ақпарат тарату" және "билік өкілін қорлау" баптары бойынша айып тағылды. Бірнеше айдан соң Жанболат Мамайға Қаңтар оқиғасы кезінде "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды" деген тағы бір айып тағылды. Мамай сол кезде "билік мені 4 қаңтарда "Алматы Арена" кешені маңындағы митингіні ұйымдастырды деп кінәлағысы келеді" деген. 1000-нан астам адам жиналған митингіні сол күні полиция күштеп таратқан еді. Мамай тағылған айыпты жоққа шығарып, тәртіпсіздікке қатыспағанын айтқан. Айыптарды саяси қудалау деп атаған. Қазан айында Жанболат Мамайдың әйелі Инга Иманбай Еуропарламенттегі сөзінен бір күн бұрын күйеуіне тағылған "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды" деген айып "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзу" (400-бап) бабымен алмастырылғанын хабарлаған еді. Инга Иманбай Жанболат Мамайға тағылған айыптың жеңілдеуіне халықаралық қысым түрткі болды деп есептейді. Ізінше Жанболат Мамай тергеу изоляторынан босап шықты. Сот оған қатысты бұлтартпау шарасын өзгертіп, сегіз айдан кейін тергеу изоляторынан үйқамаққа жіберген. Тіркелмеген "Қазақстанның демократиялық партиясы" жетекшісі Жанболат Мамайға қатысты қозғалған істі зерттеуші ағылшын комиссиясының мүшелері Қазақстан билігі белсендінің өзімен кездесуге тыйым салғанын және билік өкілдерінің өзі кездесуден бас тартқанын мәлімдеген. дереккөзі: azatteq.org