Басты жаңалықтар
"ТаразЭнерго" орталығының экс-басшысына іздеу жарияланды
- автор kyn.kz
- 5 сәуір, 2023
- 238
"ТаразЭнерго" орталығының бұрынғы басшысы үкім шықпай тұрып қашып үлгерген. "Мемлекет қаржысын жымқырды" деп айыпталған бизнесменнің қайда кеткенін ешкім білмейді, деп хабарлайды КТК.
Бақберген Мәуленов соңғы сот отырыстарына да келмеген. Жуық арада үкім оқылады деп жүргенде, судья қашып кеткен айыпталушыға іздеу жарияланғанын мәлімдеді. Айыпталушы шетел асып кетті ме, әлде ел ішінде жасырынып жүр ме, ол жағы әзірге белгісіз.
Бақберген Мәуленов қазынаның 2 миллиард теңгесін қалтасына басқан деп күдікке ілініп, бір жарым жыл бұрын баласы екеуі қамауға алынған. Өзі үш ай бұрын кепілдікпен үйқамаққа шыққан еді. Ал ұлы мен тағы 7 сыбайласы осы іс бойынша тергеліп жатыр. Жылу тарату мекемесінің экс-президенті баласын түрмеге тастап өзі із суытқаны көпті таңдай қақтырды. Ал оның жоғалып кеткені туралы 28 наурыз күні сот отырысында белгілі болыпты.
Жамбыл облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты сотталушы Б. Мәуленовтың сот отырысына себепсіз келмегеніне байланысты іздестіру жарияланды. Сотталушы ұсталған соң бұлтартпау шарасын қамауға алуға өзгерту шешімі бар.
Еске сала кетейік, бұның алдында сотталушы Б.Мәуленовке қатысты бұлтартпау шарасы үйқамақ болатын. Қаулыны орындау үшін Жамбыл облысының полиция департаменті мен экономикалық тергеу департаментіне жолданған.