"Отбасымыздың асыраушысы еді": Шымкенттегі көлік апатынан аман қалған қыздың анасы мұңын айтты
Зардап шеккен қыздың анасы автопарктен барлық медициналық шығындарды жабуды және өтемақы төлеуді талап етті.
Әйелдің айтуынша, қыз көп балалы отбасыдан шыққан. Отбасының жалғыз асыраушысы болған. Зардап шеккен қыздың анасы автопарктен барлық медициналық шығындарды жабуды және өтемақы төлеуді талап етті. "Қызым отбасымыздың жалғыз асыраушысы еді. Азық-түлік пен коммуналдық қызметтің барлық шығындарын жабатын. Мен көп балалы анамын, алты балам бар. Кішкентай балам сегіз айлық. Бір бүйрегім жоқ болғандықтан, жұмыс істей алмаймын. Енді әзірше қызым да жұмыс істей алмайды. Бізді кім тамақтандырады? Автопаркке өкпем қара қазандай, істері үшін жауап берсін. Қызым қанша жыл емделуі керек. Егер бірнеше жылдан кейін осы апаттың салдары байқалса ше? Бұған кім жауап береді?!" – деді 18 жастағы қыздың анасы Мәдина Сейдалиева.