Басты жаңалықтар

Түтінге тұншыққан атыраулықтар бейбіт митингіге шықты

Түтінге тұншыққан атыраулықтар таза ауа сұрап алаңға шықты. Өңірдегі өндіріс ошақтарынан шығатын зиянды қалдықтар тынысымызды әбден тарылтты дейді олар. Соның салдарынан ауру-сырқау көбейген, деп жазды "КҮН.КЗ" тілшісі КТК арнасына сілтеме жасап. Атырау облысында соңғы жылдары түрлі аурумен ауыратындар саны 160 есеге көбейген. Туа біткен даму кемістігімен туған нәрестелер саны  төрт есеге өсіпті. Амалы таусылған Атырау жұрты бейбіт митингке шығып, Үкіметке петиция жолдады. - Біз таза ауамен демалғымыз келеді. Бізді уламаңыздар! Осындай ұрандармен плакат ұстаған атыраулықтар алаңға ағылып жатыр. Күні-түні жағымсыз иіс пен көк түтінге тұншыққан атыраулықтардың жанайқайын жергілікті журналистер мен қоғам белсенділері бейбіт митингпен билікке жеткізбек. Соңғы апта бойы көк түтінге тұншығып амалы таусылған атыраулықтар алаңға бетпердемен, өңірдің экологиялық ахуалын бейнелеген палакаттармен, тіпті кейбіреулер противогаздармен келді. Бейбіт митингте сөз алған қоғам белсенділері жаға ұстатарлық фактілерді ашып айтты. Қазір өңірде туа біткен, сал ауруына шалдыққан балалар саны төрт есеге өскен. Халықтың денсаулығы да ең төменгі көрсеткіште, яғни науқастану 160 есеге көбейген. "Атыраулықтарға ауа керек. Үлкенімізге де, кішімізге де ауа керек. Алланың берген ауасын тазартып берсін",- дейді Атырау қаласының тұрғыны Кәмшат Әділова. Облыста ауаны ластайтын бірінші санатта 140-тан астам кәсіпорын бар. Оның ішінде ең алпауыттары ТШО жылына 60 мың тонна, НКОК - 23 мың тонна, АМӨЗ 10 мың тоннадан астам зиянды қалдықты ауаға таратады екен. Ал олар төлейтін миллиардтаған экологиялық айыппұлдар мен өтемақылар облыс қазынасына түспейді дейді жиналғандар. "Үкімет Атырау облысының экологиясын ластағаны үшін төленетін  айппұлдарды түгелдей алуды тоқтатуы керек. Бұл айыппұлдардың игілігін әрбір Атырау тұрғыны көруі керек. Өйткені күкірт пен улы газға уланып отырған жергілікті халық. Зауыт өз технологияларын халықаралық стандарт бойынша заманауи құрылғылармен қамтуы керек. Біз осыны талап етеміз",- деді эколог Галина Чернова. Бейбіт митингте бірнеше талап қойылды: мұнай-газ өндіретін кәсірорындар өз құрылғыларын заманауи технологиялармен қамту, Жайық пен Қиғаштан алатын суларын азайту, сарқынды суын толықтай тазарту және өндіріс компанияларын қаладан алшақтау жерге көшіру. Сонымен қатар атыраулықтар экологиялық айыппұлдарды жергілікті бюджетке қайтаруды талап етті. Жиналғандар арнайы петиция дайындап, үкіметке жолдады.