Қызылордадағы төбелес: Талып жатқан жігітті аяусыз тепкен адам белгілі болды
Қызылорда қаласында 10 сәуірде төбелесіп, жарақатымен ауруханаға жеткізілген жасөспірімге қатысты оқиғаның мән-жайы анықталды, деп хабарлайды "КҮН.КЗ" тілшісі ҚазАқПарат-қа сілтеме жасап. Оқиға 10 сәуір сағат 17:35 шамасында облыс орталығында болған. Полицияға қала аумағындағы көпқабатты үйлердің бірінің ауласында екі жасөспірім арасындағы төбелес туралы хабар түскен. Оқиғаға байланысты Қызылорда қалалық білім бөлімі төмендегіше түсінік берді. «Облыс орталығында орналасқан «Ақмешіт» шағынауданында №136 мектеп-лицейінің 8-сынып оқушысы мен №9 мектеп-гимназиясының 9-сынып оқушысы арасында ерегіс туындаған. «Орда» колледжінің студенті №136 мектепте оқитын інісіне жақтасып жарақат алған жасөспірімге әлімжеттік көрсеткен», - деп жазылған хабарламада. Еске сала кетейік, 6 сәуірде Қызылорда облысы Қазалы ауданында екі мектептің оқушылары арасында жанжал туындаған болатын.