"Ауырып құсады". Ақмола облысында ата-аналар оқушылар тамақ қалдығын ішіп жүргенін айтты
Қосшыда ата-аналар мектепте 5000-нан аса оқушы қалдық ішіп жүргенін айтып, дабыл қақты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Алматы" телеарнасына сілтеме жасап. Видеода ыдыс толы тамақ қалдыққа тасталып жатыр. Ортақ чатқа келген бейнежазбадан соң ата-аналар мектепке келіп, басшылықтан бұл бассыздықтың себебін сұраған. Олар шикі тоқаш, күйген котлет пен ботқаны балалар жей алмайтынын айтты. Таңнан нәр татпай кеткен баланың аш болса да, асханаға баруға тәбеті тартпай тұрады екен.
Ата-аналар көрсеткен бейнежазбаны мектеп әкімшілігі мойындамады. Бастапқыда бұл басқа мекемеде болғанын, мүлде басқа жер екенін айтқан. Кейін нысанды жалға алған кәсіпкер "түсірген адам әдейі жасады" деп ақталған. Оның айтуынша, асхана да, тамақ та барлық талапқа сай.
Мұнда күніне 1500-ге жуық бала тегін тамақ ішеді екен. Бірақ асханадағы жағдайды түсіруге камерамен келген кезде асхана әкімшілігі мұнда кіруге тыйым салды. Тіпті іштегі жағдайды білуге рұқсат берілген жоқ. Асханаға жауапты жеке кәсіпкер бұл мектепте 10 жылдан бері тұрақты қызмет көрсетіп келеді. Білім мекемесінің басшылығы нысанды жалға алушылардың жұмысына көңілі толатындарын айтады. Бүгінге дейін арыз-шағым түспепті.
Тамақтану мәселесі тек талқылаумен шектелді. Қос тарап ортақ шешімге келе алмаған. Ал ата-аналар шағымы бойынша қалалық прокуратураға сауал жолдап еді, олар асханаға тексерісті тек қалалық әкімдік жүргізетінін жеткізді. Енді ата-аналар білім басқармасы мен мектеп басшылығынан бұл мәселені қатаң бақылауға алуды талап етіп отыр.