Көлік соққаннан кейін төсек тартып қалған 7 жасар Рамазанның анасы барша халқынан көмек сұрады (видео)
Алтынгүл: Ұлымды емдеуге болады, қаржы болмай тосылып тұрмыз
Алматыда 1-сынып оқушысын үйінің маңында көлік қағып, мүгедек етіп қойды. Өткен жылдың желтоқсан айының соңында болған жағдайды 7 жасар Рамазан Ұлықбекұлының анасы "КҮН.КЗ" тілшісіне баяндап берді. Жазатайым жағдайдан кейін Рамазан төсек тартып жатып қалды. Ата-анасы балаларының соңғы күндері беті бері қарап кележатқанын айтып, көпшіліктен өздерін қаржылай қолдап жіберуді сұрап отыр. Өйткені көпбалалы отбасынның әкесі де, шешесі де қазір жұмыссыз. Туыстарының үйін паналауға мәжбүр. "Сол күні түсте Рамазан дүкенге барған, сол жерде көлік қағады. Қаққан кісі бірден қалалық ауруханаға жеткізеді. Баланың миы шайқалып, миына қан құйылған. Басы бірнеше жерден жарылып, жамбас сүйегі сынған. Оң аяғының жамбас қоспасы мен тізесіне дейін темір қойылды. Бүгінде төрт ай уақыт өтті. Рамазан күн санап беті бері қарап келеді. Алғашында Рамазанға дайын езілген асты медициналық зонт арқылы беретінбіз. Қазір аузына шприц арқылы саламыз, өзі жұтынады. Оң жақ аяқ-қолы тұтастай сіресіп қатып тұратын. Қазір саусақтары қимылдап, қозғала бастады. Қазақстандық дәрігерлер балаға үй жағдайында күтім мен тұрақты түрде массаж, жаттығу алып тұру керектігін айтты. Басқа ешқандай шара, ем қазірге жасау мүмкін емес екен. Рамазанның бүкіл құжаттарын Түркия мен Оңтүстік Корея дәрігерлеріне пошта арқылы жөнелттік. Түркиядан жауап келді. Олар баланы емдеуге болады деп отыр. Тек бала әлі отыра алмайды, ұшақпен жатқан баланы Түркияға жеткізу өте қымбатқа түскелі тұр. Мен алғашында баламның жағдайы не болады екен деп іштей қатты мүжілетінмін. Қазір соңғы екі аптада айтарлықтай өзгерістер болғанын көріп, құлшынысым мен үмітім күшейді. Сол себепті Қазақстан халқынан Рамазанды қолдап, қаржылай көмек берулеріңізді сұраймын. Күйеуім екеуіміздің бес баламыз бар. Ең кішкентай балам алты айлық. Рамазан мынандай жағдайға түскеннен кейін әкесі жұмыстан шығып, балаға қарап жатыр. Мен кіші балам мен басқа балаларға қараймын. Қазір ата-енемнің үйінде тұрып жатырмыз. Сол себепті қазірдің өзінде Рамазанның күтіміне туған- туыстың қаржылай демеуімен шыдап бағудамыз. Өйткені Науқас болып қалған баланың тамағы, памперс, шприц, массаж, дәрумендер сынды шығыны айына есептегенде бір адамның жақсы жалақысын талап етеді",- дейді бес баланың анасы Алтынгүл Алтайқызы. Жеті жасында көлік қаққан Рамазан балабақшада да мектепте де есепке жүйрік, алғыр оқушылардың бірі болыпты. Ата-анасы Рамазанға үнемі достары, мектептегі мұғалімі мен өзінің үлгерімі жайлы айтып отырады екен. Өйткені Рамазанға қазір көп сөйлеп, барлық жағдайды есіне түсіру қажет.