Жамбыл халқы жап -жақсы мектепті «апатты» деп танып, бұзғалы жатқан билікке қарсы шықты
Тұрғындар: Бұл - жергілікті бюджет ақшасын талан-таражға салу
Бүтінді бүлдірмесін. Жамбыл облысындағы Көктал ауылының тұрғындары оқу орнын бұзуға қарсылық танытты. Айтуларынша, жергілікті билік бұрынғы сап-сау мектепті "апатты" деп танып, бұзу туралы шешім қабылдаған. Бірақ бұл бюджет қаражатын берекетсіз жұмсау дейді бұқара. Өйткені қолданыстағы мектепті қолдан жаптырып, бір жарым миллиард теңгеге жуық қаржыға жаңа мектеп салдырған, деп жазды "КҮН.КЗ" тілшісі 31 арна жаңалықтарына сілтеме жасап. Алайда, ауыл балалары сол жаңа мектепке басы бүтін сыймай қалған. Көкталдағы жаңа мектеп өңірге келген мәртебелі меймандарға ұялмай көрсететін нысанның бірі. Бірақ соңғы уақытта білім ордасының кемшіліктері шығып, жергілікті билік ұятты болып жатыр. Ауылдықтар 1 миллиард 400 миллион теңгеге салынған мектептің сметалық жобасы келте сызылған дейді. Салдарынан оқу орнына оқушылар сыймай қалған. Бес ай бұрын берілген мектеп бастауыш сыныптарға бұйырмаған. Қазір бүлдіршіндер ескірген, еш талапқа сай емес басқа жерде әріп тануға мәжбүр. Ауылдықтар балаларды бұлай сандалтпай, осы уақытқа дейін қолданыста болған мына мектепті жөндеуді талап етеді. Жылы ескі демесеңіз, сүйегі сапалы, қазір салынған мектептердің онын тоздырады деп санайды. "Мұны бұзып не керегі бар? Бұл дайын мектеп, терезелері 2-3 жыл берілген міне. Қазандық дейді ғой, котельный. Оны да 2-3 жыл бұрын қойған",– дейді Көктал ауылының тұрғыны Асан Репешов. Ауылдықтар бір шарбақтың ішіндегі қос мектепті қатар қолдануды қалайды.Өйткені ескі мектепті өтірік апатты деп тапқан дейді. Ендігі жерде осы құжатты желеу етіп бұзуға да бюджет қаржысы бекер кетеді деп отыр. Ал қолдан құжат жасағандарын ата-аналар құрған комиссиясы анықтапты. Әу баста-ақ апатты деп тапқан компания шешімді негізсіз жасатқан дейді. "Бір қабырғада, бір мына төбеде жарықшақтар жоқ. Ал олардың бәрі жарамайды, жарамайды деп берген да. Мына мекеме білмегесін ең жақсысы олар жазып-жазып, снос деп бере салса болды. Бұл заңсыз",-дейді «Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты» АҚ филиалының директоры Мұхан Байтеміров. Ал салаға жетекші мамандар балалардың сыймауы сметалық жобаның келте сызылуынан емес, бала санының көбеюінен деп отыр. Ескі мектеп "апатты" деп танылды, орнына жаңасы салынды. Енді кері қайтарылмайды дейді. "Апатты жағдайды қабылдаған кезде министрлік бар, біздің білім басқармасы бар жұмыс жасаған болатын. Егер мынау апаттық жағдайда болмағанда онда бізге республикалық бюджеттен арнайы қаржы бөлінбейтін еді. Сондықтан ескі ғимарат болғаннан кейін бұзу қажет заң бойынша", –дейді Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев Көптің көнені кәдеге жарат деген қалауы орындалмайтын сияқты. Қазірдің өзінде еден, есіктерін бұзып кеткен. Ал бастауыш сынып мәселесі жеке кәсіпкер салатын оқу орнымен шешіледі дейді жауаптылар. Қазір сол мектептің лицензия алуын кәсіпкерден бұрын ауыл әкімі қатты тілеп жүр.