Зілзала: алматылықтарға дабыл сөмкесін дайындау ескертілді
20 сәуірде таңертең Алматы тұрғындарына дабыл сөмкесін дайындау ескертілді, деп хабарлайды "КҮН.КЗ" тілшісі. “Осы бейсенбі сағат 11:00-де Алматыда жоспарлы жалпықалалық сейсмикалық оқу-жаттығу өтетін болады. Бұл ретте жылына екі рет өткізіледі. Тоқсан сайын қала ұйымдарында сейсмикалық оқу-жаттығулар өткізілсе, жыл басынан бері өзінде 2,8 мыңнан астам сейсмикалық оқу-жаттығулар өткізілді. Сейсмикалық оқу-жаттығудың негізгі мақсаты – қала тұрғындарының төтенше жағдай кезіндегі іс-қимылдарға дайындық деңгейін арттыру, тұрғындар эвакуациялау жолдарын, қауіпсіз жерлерді алдын ала анықтап, апаттық чемодандарды дайындау”, – делінген Алматы қалалық ТЖ департаментінің хабарламасында. Ведомство мәліметінше, алдағы жалпықалалық сейсмикалық жаттығуға алдын ала дайындық жүргізілуде. Мәселен, бүгіннен бастап телеарналар мен радиоарналарда хабарландыру басталып, алматылықтар оқу-жаттығуға қатысты эвакуациялау туралы ақпараттандырылмақ. “Сейсмикалық оқу-жаттығу күні теле және радиоарналар сиреналық қондырғыларды іске қосу арқылы қалалық ескерту жүйесі іске қосылады, «ДАРМЕН» мобильді қосымшасы арқылы push-хабарламалар жіберіледі”, - деп хабарлады департаменттегілер. Сонымен қатар, жер сілкінісі кезінде халықтың іс-әрекеті бойынша жадынамалар тарата отырып, сондай-ақ ТЖ жағдайына дабыл дорбасы жасақтау бойынша оқыту тренингтері өткізілетін болады. Еске салсақ, бұдан бұрын оңтүстік астанаға жұмыс сапары барысында премьер-министр Әлихан Смайылов Түркия мен Сирияда орын алған қайғылы оқиға Қазақстанға, әсіресе Алматыға үлкен сабақ болуы керектігін айтып, қала әкімдігіне сейсмикалық қауіпсіздік шараларын күшейтуді міндеттеді.