Басты жаңалықтар

"Ұлы жалған айтты": Бас прокуратура Күдебаевтың елге қалай жеткізілгенін айтты

Ол Түркияда тұруға өтініш білдірген

Бас прокуратура  Күдебаевтың Қазақстанға қалай жеткізілгенін айтты. Құзырлы орган мәліметінше ол өз еркімен келмеген, деп жазды "КҮН.КЗ" тілшісі. “БАҚ және әлеуметтік желілерде Алматы облысы полиция департаментінің бұрынғы бастығы С. М. Күдебаевтың Қазақстанға ерікті түрде оралуы туралы мәліметтер таратылады. Бұл ақпарат шындыққа сәйкес келмейді”, – делінген хабарламада. Ведомство 2023 жылдың наурыз айында Күдебаев "ешқайда кетпеу туралы қолхат" түріндегі бұлтартпау шарасын бұзып, сот отырысына келмегенін еске салды, Осыған байланысты оған халықаралық іздеу жарияланған болатын. “Кейіннен оның мемлекеттік шекарадан заңсыз өтіп, Қырғыз Республикасының Бішкек қаласындағы халықаралық әуежайдан Түркияның Стамбұл қаласына ұшып кеткені анықталды. Мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өту фактісі бойынша (ҚК-нің 392-бабы 1-бөлігі) арнайы прокурорлар сотқа дейінгі тергеу жүргізуде. Өз кезегінде Қырғыз тарапы да осындай қылмыстық істі тергеп жатыр”, – деп мәлім етті Бас прокуратура. Хабарламаға сүйенсек, генералды ұстау және елге қайтару  үшін құқық қорғау және арнайы органдар шетелдік серіктестерімен бірлесіп біраз тер төккен. “Интерпол күштері қосылды, Түркия Республикасының Әділет министрлігіне оны экстрадициялау бойынша материалдар жіберілді. С.Күдебаевтың өз бетінше отанына оралғысы келмегенін атап өтеміз, өйткені алынған мәліметтер бойынша ол Түркияда тұруға ықтиярхатты рәсімдеуге құжаттар тапсырған. Алайда шетелдік әріптестердің көмегімен ол Түрік Республикасының аумағында ұсталып, Қазақстанға жеткізілді”, – деп түсіндірді ведомство.