Жұмыс сұраған жаңаөзендіктер аштық жариялады
Олар мәселесі шешілмейінше қалалық әкімдік алдында жатуға бекінген
Бұрыңғы жұмыс орындарын талап еткен жаңаөзендіктер аштық жариялады, деп хабарлайды "КҮН.КЗ" тілшісі "Лада" басылымына сілтеме жасап. Тура қазір қалалық әкімдік алдына он бес шақты жұмыссыз жиналған. Олар жұмыс тауып бермейінше ғимарат алдында аштан-аш жатуға ниетті. "Біздің мәселеміз бүгінгі күнге дейін шешілмегендіктен, осылай аштық жариялап әкімдік алдында жатамыз",-дейді жиналғандар. Бұған дейін «БерӘлі Маңғыстау Company» жұмыстан қысқартылған жұмысшылары Астанада Энергетика министрлігі ғимаратының алдында ереуілдеп тұрған еді. Бір күн түнегеннен кейін арнайы жасақ 80 шақты адамды ұстап әкетіп, Жаңаөзенге пойыз арқылы салып жіберген еді. Жұмыссыздардың арасынан он адам келіссөзге қалған болатын. Бүгін аштық жария еткендірдің сөзінше олардың келіссөздерінен ешқандай келісім, бітімгершілік болмаған.