Қасқырдың етін жеген шабандоз бала
14 жастағы шабандоз Николай Дыцель отандық бағдарламалардың біріне берген сұхбатында атасы кішкентай кезінде қасқырдың етін жегізгенін айтты, деп жазды KYN.KZ тілшісі. Сұхбат барысында атасы аңшылыққа шыққанда, бір қасқырды атып алған екен. Содан үлкен қария "осы қасқырдың жүрегін қайнатып немерелеріңе бер, батыр, батыл, қайсар болып өседі" , деп кеңес берсе керек. Атасы үлкен қарияның сөзін жерге тастамай, ырымдап, қасқырдың жүрегін бірнеше рет қайнатып немерелеріне береді. Басқа немерелері жемей қашса, осы Николай барып қайнап, піскен қасқырдың жүрегін түк қалдырмай жеп қойған екен. Содан үлкендердің барлығы өзін "қасқыр жүректі", деп атап кетсе керек. Айта кетейік фотограф Ернар Алмабек 14 жастағы шабандоз Николай Дыцельдің бейнажазбасын жариялады. Қазірдің өзінде бейне жазба 900 мыңға жуық қаралып, мыңдаған адам пікір қалдырды. Қазақ тілінде таза сөйлейтін неміс ұлтының баласы көпшіліктің назарын аудартып, желіде қызу талқыланып, көпшіліктің қошеметіне бөленуде.