Медеуде қаза тапқан өрт сөндірушінің отбасына 13 миллион төленеді
Марқұм сол күні әріптестеріне сүйінші жаңалығымен бөліскен екен
Медеудегі өртті сөндіру кезінде қаза тапқан Арыслан Құрманбековтің отбасына 13 млн теңге өтемақы төленеді. Артында қалған анасы мен інісі алты айдан кейін мұрагерлік құқыққа ие болып, біржолғы қаржылай көмекке қол жеткізе алады, деп жазды "КҮН.КЗ" тілшісі КТК арнасына сілтеме жасай отырып. Аға өрт сөндіруші-құтқарушы қызметін атқарған марқұмды басшылығы мемлекеттік наградамен марапаттау туралы министрлікке ұсыныс жасапты. Ал шатқалдағы өртті толық сөндіру әлі де жүріп жатыр. Осыдан төрт күн бұрын Медеу шатқалынан шыққан өрттен бір қызметкер жараланып, тағы біреуі ажал құшқан. Жотада жанған қалың дарақ өрт сөндіруші Арыслан Құрманбековтің үстіне құлап, сол сәтте мерт қылған. 30 жасқа таяған шағында өмірден өткен азаматтың артында анасы мен інісі қалды. Мұндай жазатайым жағдайдың алғаш рет болғанын айтқан төтеншеліктер марқұмға қатысты бар шығынды өздері көтеріп, өзге де көмек көрсететінін жеткізді. "Жерлеуге үкіметтен 660 мың теңге бөлінеді. Заңға сәйкес, алты айдан кейін анасы мұрагерлік құқыққа ие болғанан кейін 13 миллионнан астам төлемақы анасына тағы төленеді. Қала әкімдігіне хат жібердік. Арысланның мамасы жалғыз болған, жолдасы жоқ, інісі қалған, тұратын үйі болмағаннан кейін бір пәтер қарастырса екен деп ұсыныс хат жібердік", -дейді Алматы ТЖД, Өрт сөндіру және апаттан құтқару қызметінің бастығы Айдар Сқабаев. Медеу ауданы №7 өрт сөндіру бөлімі мамандарының шақыртуларға Арслансыз аттанып жүргеніне бүгін төртінші күн. Марқұм мұнда сегіз жылдан астам қызмет атқарыпты. Өзінен кейінгілерге білгенін үйретіп, үнемі тәжірибесімен бөлісіп жүретін дейді басшысы. Дәл сол күні төбесі көкке жетердей қуанған ол әріптестеріне жақсы жаңалығын да жеткізіп үлгерген екен. "Арысланға ерекше күн болған. Өзі күліп, үлкен жігіт қой, былай қарасаңыз. Жас бала сияқты, езуі жарқырап жүрді, кәдімгідей. Жақсы жаңалығым – төрт жыл жүрген қызым бар дейді, үйлену тойын белгіледік, осы жазда, Құдай бұйыртса, үйленеміз. Мамама айттым, той жасаймыз. Сол тойға мейрамхана іздеу керек. Көп қонақ шақырамыз. Солардың ішінде бірінші сіздер боласыздар деген еді",-дейді Медеу ауданы №7 өрт сөндіру бөлімінің басшысы Айдар Ермұханбетов. Қазір Медеудегі «Горельник» жотасының үш мың шаршы метрі әлі бықсып жатыр. Іле Алатауы Мемлекеттік ұлттық табиғи паркі мен төтенше жағдай департаментінің 60-қа жуық қызметкері тау басында. Түтіндеп жатқан ағаштарға су шашып, жанған бұталардың айналасын қазып, топырақпен көміп жатыр. Өрт бастапқыда жеті мың шаршы метрді шарпыған. Өртенген аумақты қалпына келтіру қызметтік тексерістен кейін белгілі жүргізіледі.