Батысқазақстандық оқушылар ауыл әкімінің кабинетінде оқып жүр
Әкімдікте оқып жүр, талай қазақ баласы. Батыс Қазақстан облысындағы Тасқала ауданы Амангелді ауылының мектеп оқушылары ауыл әкімінің кабинетінде білім алуға мәжбүр. Кабинетке сыймаған қалған балалар сабақты осы ауылдың мәдениет үйінің сахнасында оқиды, деп жазды "КҮН.КЗ" тілшісі Астана жаңалықтарына сілтеме жасап. Үлкендердің салғырттығынан мектепсіз қалған оқушылар туралы тілшіміздің материалында. Бұл - Амангелді ауылы әкімінің кабинеті. Қазір мұнда 5-класс оқушылары оқиды. Балаларды осылай «қамқорлығына алған» әкімнің өзі шағын кабинетке көшіпті. Ал мынау - мәдениет үйінің концерт залы. Түрлі мерекелік шара өткізілетін сахнада қазір әдеттегідей ән шырқалмайды - сабақ болады. Оқу кластарының арасы шымылдықпен бөлінген. "Бізде бала саны сыныптарда ондай көп емес қой. Он-он екі, он бес... Сондықтан олардың кабинеттеріне сыйып жатырмыз. Кабинетін бізге босатып берді ауылымыздың әкімі. Барлық жағдайларымызды жасап отыр. Қазіргі таңда тығыз байланыстамыз, ешқандай кедергі келтіріп жатқан жоқпыз"-дейді Мектеп директоры Анар Габдуллина. 250 оқушының әкімдік пен мәдениет үйінде тентіреп жүруі тегін емес. Өйткені 41 жыл бұрын салынған ауыл мектебінің әбден тозығы жеткен. Халықтың білім ошағы туралы өтінішін «AMANAT» партиясы елеусіз қалдырмады. Партияның араласуымен мектепті күрделі жөндеуге 353 млн. теңге қарастырылыпты. Бірақ қаржы уақытылы аударылмай, бұл іс межелі мерзімінен кешіккен. Енді мердігер тағы бір ай мұрсат сұрап отыр. "Жұмыстың былай қарқыны жаман емес, былай қарағанда сапасы да жаман емес. Тек бұл жерде жұмыс қолын күшейтіп, әлі де бір ай жұмыс жасау керек. келесі айда, мысалы майдың 15 күні қалды бізде, келесі июньнің аяғына дейін бітіруі керек, 45 күн ғой тоқетері жұмыстың",-дейді БҚО МӘСЛИХАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ Нұртай ЖҰМАШЕВ "Халық көтеріп жатқан әрбір мәселеге «AMANAT» партиясы қалыс қалған емес. Бұл нысанның да құрылысы тапсырылғанша біздің партияның бақылауында. Алдағы уақытта атқарылған істер бойынша тағы да ақпарат беретін боламыз",-дейді «AMANAT» ПАРТИЯСЫ БҚОФ ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУ БӨЛМЕСІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ Гауһар Шайхыниязова. Мердігердің айтуынша, қазір мұндағы жұмыстың тек 83% орындалыпты. Дегенмен мектепке электр желісі әлі толық тартылмаған, шашылған құрылыс материалдарының қалдықтарынан аяқ алып жүргісіз. Дегенмен білім ордасын жөндеу ісінің уақытылы аяқталуын аманаттықтар өз міндетіне алып отыр.