Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Үкімет басшысы министрге ескерту жасап, комитет төрағасына сөгіс жариялады

Үкімет басшысы министрге ескерту жасап, комитет төрағасына сөгіс жариялады
ашық дереккөз
Премьер-министр Әлихан Смайылов Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі республикалық штаб отырысында ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровқа ескерту жасап, Табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасы Асан Дарбаевқа сөгіс жариялады, деп хабарлады үкіметтің баспасөз қызметі.
Отырыста ұлттық экономика министрі Президент тапсырмасы бойынша әзірленген "Тарифті инвестицияға айырбастау" бағдарламасын енгізу арқылы республика бойынша электр, жылу, сумен жабдықтау және су тарту желілерінің тозуын орта есеппен 20%-ға төмендету жоспарланып отырғанын баяндады. Бұл азаматтарға көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартуға және апаттық жағдайлар санын азайтуға мүмкіндік береді. Ол үшін 145 мың шақырымнан астам инженерлік желілерді жөндеу қажет.
Осыған байланысты биыл өңірлердегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды ескере отырып, ТКШ қызметтері тарифтерін кезең-кезеңмен өзгерту көзделіп отыр. Нәтижесінде осы жылдың өзінде 5 мың шақырымнан астам инженерлік желілерді жөндеу және ТКШ саласы қызметкерлерінің жалақысын арттыру жоспарлануда.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаевтың айтуынша, тұрмысы төмен азаматтардың коммуналдық қызметтерге шығындарын азайту үшін оларды мемлекет тарапынан көрсетілетін тұрғын үй көмегі аясында ішінара өтеу көзделген. Өткен жылдың соңында өтемақы мөлшері мен оны алуға үміткерлердің қатарын ұлғайтуды көздейтін өзгерістер енгізілді. 2023 жылдың 1-тоқсанының қорытындысы бойынша 17 мың отбасыға 372 млн теңгеден астам тұрғын үй көмегі көрсетілді.
Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Дүниежүзілік банк және KPMG халықаралық компаниясымен бірлесіп, республиканың 56 жылу электр станциясына техникалық аудит жүргізілгенін баяндады. Оның қорытындысы бойынша станциялардың техникалық жай-күйі мен негізгі техникалық-экономикалық көрсеткіштер рейтингі жасалды. Осы айдың соңына қарай күрделі жөндеу жөніндегі іс-шаралар жоспарын қамтитын кешенді есеп дайын болмақ.
Өңірлерде жүріп жатқан ТКШ инфрақұрылымын жөндеу жұмыстары туралы Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов, Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев баяндама жасады.
Үкімет басшысы Әлихан Смайылов коммуналдық кәсіпорындар тарифті түзету және жаңғырту процесін бастау үшін қажетті құжаттаманы баяу дайындап жатқанын атап өтті.
"Бұл процесті созбалаңға салуға болмайды. Желілер мен станцияларды күрделі жөндеу жұмыстарын жедел бастау маңызды. Бұл – кезек күттірмейтін міндет. Әсіресе, бұл – құрылыс маусымы қысқа және жылу беру кезеңі ерте басталатын солтүстік өңірлер үшін өзекті мәселе", — деді премьер-министр.
Үкімет басшысы қалыптасқан жағдайды Ұлттық экономика министрлігі тарапынан кеткен олқылық деп атап өтті. Осыған байланысты Әлихан Смайылов ведомство басшысы Әлібек Қуантыровқа ескерту жасап, үйлестіру жұмыстарының төмен деңгейде жүргізілгені үшін Табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасы Асан Дарбаевқа сөгіс жариялады.
"Коммуналдық қызметтердің сапасына қатысты Президенттің және халықтың тарапынан орынды сын естіп келеміз. Алдымыздағы жылыту маусымында өткен қыста орын алған төтенше жағдайларға жол бермеу керек. Сұраныс қатаң болмақ", — деді Әлихан Смайылов.
Қорытындылай келе, премьер-министр инфрақұрылымды жаңғырту мақсатында коммуналдық кәсіпорындардың тарифті түзету бойынша берген өтінімдерін жедел енгізуді, жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін маусым айының соңына дейін жылу желілеріне техникалық тексеру жүргізуді аяқтауды, сондай-ақ 2024 жылға жоспарланған құрылыс-монтаж жұмыстары бойынша жобалау-сметалық құжаттаманы жыл соңына дейін әзірлеуді тапсырды.
Бөлісу:
kyn.kz
Автор

kyn.kz

kyn.kz - ақпарат агенттігі

Ұқсас жаңалықтар