«Тараз» футбол клубы 600 млн теңгені қайда жібергені бойынша есеп бере алмай отыр
Тексеру комиссиясы клубта іссапарлар мен сыйақыларға қаржы есепсіз жұмсалғанын айтуда
«Тараз» футбол клубы 600 миллион теңгеге жуық қаражаттың есебін бере алмай отыр. Жамбыл облыстық тексеру комиссиясының мәліметінше, мекеме осыншама қаражатты негізсіз жаратып жіберген. Енді бұл сома жыл соңына дейін бюджетке қайтарылуға тиіс. «Соның ішінде 576 миллилн Түркиядағы оқужаттығу өткізгені бойынша шықты. Содан бәрі шықты, тамақтану, авиарейс, ұшып-қону, келу, жататын жер төлеуі бар»,-дейді Жамбыл облысы бойынша тексеру комиссиясының мүшесі Асылхан Шаймерденов. Жалпы саны аймақтағы 36 спорттык мекемеге аудит жүргізілген. Олқылықтарға жол бергендердің көшін «Тараз» футбол клубы бастап тұр. Мекеме басшылары екі жыл бойы өзіне тиесілі қаражатты оңды-солды жаратып, енді есебін бере алмай отыр.Анығы, клуб қызметкерлерінің сыйақы мен іссапар шығыны артығымен төленген. Тіпті шетелде бірнеше мәрте өткен оқу-жаттығу жиындарына барған легионерлерге келісімшартсыз ақша берілген. Алайда клуб басшысы бұл тексеру қортындысымен мүлдем келіспейді. Әрі бұл жағдай бұрынғы басшысының кезінде болған деп түсіндірді. Жандос Ахметовтың сөзінше, қазір клубтың 400 миллион берешегі бар. Оны жыл соңына дейін қайтарамыз деп сендірді. «Жоқ мұнымен келісе алмаймыз. Бірінші кезекте, бұл қарыз кредиторлық берешек 2021 жылы пайда болған. Мақсатсыз емес, бірінші жағдай, үлкен жалақы берілген. Не үшін пайда болғаны, ол үлкен жалақылар берілген. Іссапар бар. Біраз қарыз содан жиналған. 610 миллион дегенге келісе алмаймыз»,-дейді «Тараз» футбол клубының директоры Жандос Ахметов.