Айдалаға тасталған баланың анасын іздеген куәгерлер жан шошырлық ақпаратпен бөлісті
Куәгер: Полицияға қоңырау шалып келтіре алмай қойдық. Соңында жолда кетіп бара жатқан полицейлерді қуып тоқтатып алдық
Алматы облысында қоларбаға салынған күйі ми далада қалған балақайдың оқиғасы бойынша куәгерлер «КҮН.КЗ» сайтына хабарласып бар шындықты жайып салды. Олардың сөзінше полицияны әрең шақырған. Баланың анасымен сөйлесіп, миға қонымсыз сылтаулар естіген. «Мені сол оқиға орнына баланы тауып алған ерлі-зайыпты шақырды. Олар дереу полиция шақырған, бірақ олар бір сағаттан астам уақыт келмей қойған. Мен бала табылғаннан кейін, маған қоңырау шалынған соң бір сағат өткенде бардым. Барсам адамдар жиналып қалыпты. Бір келген кезде оқиға орнына баланың анасы келді. Сол кезде өтіп баражатқан полицейлерді өзіміз тоқтаттық. Олар смендерін тапсырып, демалуға кетіп жатқандарын айтты. Сол кезде «қазір сендерді қарамай жатыр деп инстаграмға саламыз, болмаса тоқтап баланы алыңдар» деп талап қойдық. Сонда ғана олар иіліп, алдымызға келді. Сөйтіп тұрғанда баланың анасы 30 жас шамасындағы әйел келіп, бірден қаумалаған жұртпен ұрыса бастады. Айтқан сылтауы «Ана жақтағы шөптің арасына барып жаттым. Демалып отырдым» деді. бір кезде «Телефон ұстамай сеть іздедім» деді. Бірақ, біз тұрған жерде сеть жақсы ұстап тұрды. Әйелді елдің бәрі «неге баланы тастайсың? ит әкетуі мүмкін, арбасы аударылуы мүмкін» деп жағадан алды. Шошыған әйел жиналған жұртпен ұрысып, баланы ешқандай да тастап кету ойында жоқ екенін айтты»,-дейді оқиға куәгері. Тағы бір куәгер сол тұста әйелді аяп кеткенін жеткізді. Оның сөзінше баланың анасы күйзелісте. «Меніңше әйелде отбасылық қысым болған. Негізі осыны жазу өте қауіпті. Ертең әйелге қысым болады ма деп қорқамын. Күйеуі бар екен. Енесі бар. Сол кісіден, отбасынан қысым болған сияқты. Бала бес айға толмаған. Әйелде депрессия. Психологиялық қысымда не істерін білмей осындай жағдайға барып, бір кезде «Не істеп қойдым» деп шошып қайта келген сияқты. Ұрысқандардың бәрін тоқтатып, әйелді қорғауға тырыстым. Өйткені ол не деп ақталарын білместен қобалжып кетті. Осы оқиғадан кейін келіні барларға, отбасы мүшелеріне әйелге қысым жасауды қоюға шақырамын. Бір ғана сәт. Адам өліп кетуі де мүмкін. Бір-бірлерін түсініп, қолдап жіберсе уақыт өте бәрі жақсы болады ғой. Мына оқиғада баланың да әйелдің де өміріне қауіп төнді. Бұл жай қарайтын, тек әйелді кінәлап, бар жаман сөзі оған айтқанымен шешілетін дүние емес.»,- деп ойын түйді оқиға куәгері. Осы жағдай бойынша полицейлер дереу оқиға орнына жетіп арып, қажетті міндеттерін сол жерде атқардық деген еді.