Түркістан облысында тұрғын өзін шапалақпен ұрған депутаттың көмекшісін көлігімен басты (видео)
Қазір депутат пен оның көмекшісі ауруханада, көлікті басқарған жігіт тергеу абақтысында
Түркістан облысында көптің көзінше таяқ жеген тұрғын өзін ренжіткен лауазымды қызметкер мен депутатты қуып жүріп көлікпен басқан. Оқиға Мақтарал ауданының орталығы Мырзакент ауылында болған, деп жазды "КҮН.КЗ" тілшісі. Отбасымен орталықта серуендеп жүрген азаматтың добы гүлзарға түсіп кетіпті. Бұл жасыл-желекті күтіп ұстайтын мекеме басшыларына ұнамай қалған. Сондықтан «Мырзакент қызмет» мекемесінің директоры әрі аудандық мәслихаттың депутаты Тимур Адамбеков тұрғынға ескерту жасайды. Осы кезде депутаттың жанында жүрген Тахир Жүсіпбаев есімді қызметкер гүлдерді таптаған азаматты шапалақпен тартып жіберген. Отбасы мен көпшіліктің көзінше соққы алғанына арланған жігіт көлігіне отырып гүлзар ішіне кіріп барады. Ашуға берілген ол қол көтерген жігітті соғып қана қоймай, депутатты да жаншиды. Қазір, көлік астында қалған халық қалаулысы мен оның серігі ауруханада жатыр. Ал, ашуға булығып, қылмыс жасаған күдікті қамауға алынды. "Қос тарапқа қатысты ҚР ҚК 160-бабы, 293-бабымен сотқа дейінгі тергеу басталды. Қасақана шабуыл жасаған күдікті қамауға алынды. Тергеу Түркістан облысы ПД бастығының бақылауында",-деді Түркістан облысы ПД Тергеу басқармасы бастығының орынбасары Мұхтар Сейділдаев. Жағдайдың толық видеосы ТЕЛЕГРАМ арнамызда