Ақтөбеде тағы мүгедек балалар озбырлық көріп жатыр. Және тағы сол арнайы интернатта. Бұл жолы да қызметкерге қатысты қылмыстық іс қозғалған. Ол науқас баланы ұрып-соқты деп айыпталып отыр, деп жазды "КҮН.КЗ" тілшісі КТК арнасына сілтеме жасап.
"Бейнебақылау камераларын, жазбаларын зерделеу арқылы №1 әлеуметтік қызмет көрсету орталығының қызметкерінің балаларды ұрыпсоғу фактісі анықталды. Осы факті бойынша Ақтөбе қаласының прокуратурасы қылмыстық іс қозғап, тергеу үшін Ақтөбе қаласының полиция басқармасына жолдады",- деп жазды Ақтөбе прокуратурасы бөлімінің аға прокуроры Ләззат Тайланова.
Әлеуметтік қызмет көрсету орталығында қазір 55 бала тәрбиеленіп жатыр. Барлығы ДЦП-мен ауырады немесе ақыл-есі кем бөбектер. Жартысының ата-анасы жоқ. Бір баланы санитардың ұрып, көзін көгертіп қойғанына қатысты құқық қорғау органдарына хабар түскен.
Прокурорлар бақылау камераларын қарап, сондағы қызметкерлерді тергеп жатыр. Бұл интернатта балаларды былтыр да тәрбиешілер ұрып соғып, арты дауға айналған-ды. Сол кезде үш тәрбиеші сотталып, 4 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылған.
Бірақ бұл жолы орталық басшылары балалар өзара төбелесіп қалған болуы мүмкін деп санайды. Өйткені бейнебақылау камерасынан санитардың қол көтергені анық байқалмай отыр. Одан бөлек, мүгедек балаларға арналған интернатта маман тапшы. Тәрбиешілер мен санитарлар көбіне бір күнге де шыдамай жұмыстан шығады екен.
"Бұл жерде іс әлі нақты белгісіз. Себебі, бала қасындағы баланың бетін ұрып, екеуі бірбірімен төбелеседі де, сосын баланың мұрны қанап, жылап, шығып кетеді. Бала ұрды деп анықталып тұр. Бірақ ол жерде бала баланы ұрды ма, тағы да ол жерде санитар қызметкерлер жоқ. Камерадан да көрінбейді. Толық анықталмай жатыр бұл іс",- деді №1 әлеуметтік қызмет көрсету орталығы директорының орынбасары Бақытгүл Тойбазарова.
Келесі мақала