Бокстан әлем чемпионы Санжар Тәшкенбайға танымал кәсіпкер пәтердің кілтін табыстады
Өзбекстан астанасы Ташкентте өткен бокстан 2023 жылғы әлем чемпионатында жеңіске жетіп, алтыннан алқа таққан чемпион Санжар Тәшкенбайға пәтер кілті табысталды, деп жазды KYN.KZ тілшісі. Құрылыс компанияның директоры Махат Төреәлі халық сүйіспеншілігіне бөленген Санжар Тәшкенбайға пәтер сыйлады. Бұл туралы спорт комментаторы Ермұхамед Мәулен өзінің Instagram парақшасында жазды. «Махат Төреәлі әлем чемпионы Санжар Тәшкенбай бауырымызға @beles.holding компаниясы атынан пәтер сыйлады. Атымтай жомарт Махат Төреәлі осы жолы ерледі», деп жазды ол. Сонымен қатар чемпион атағы үшін Санжар 200 мың $ алады. Отандық бокс федерациясы оған тағы 100.000$ қосты. Құзырлы министрлік тарапынан жеңімпаздар мен жаттықтырушыға 15 мың $ бөлінеді. Санжардың отбасында 5 бала бар. Анасы үй шаруасында, әкесі көлік жүргізушісі болып жұмыс істейді. Осы уақытқа дейін олар аталас ағайындыларымен бірге пәтер жалдап келген екен. Айта кетейік Санжардың оқуынан шығарылуына байланысты ЕҰУ мәлімде жасаған еді. «Санжар Тәшкенбай басқа оқу орнына ауысу мақсатында өз өтініші бойынша университеттен шығарылған. Университет талантты студенттер мен түлектерді қолдайды. Санжардың өзі оқуын Еуразия ұлттық университетінде жалғастырғысы келсе, белгіленген ережелерге сәйкес қабылдауға дайынбыз», деп университет ұжымыда қолдау көрсеткен.