Оралов үн қатпады – ашынған киногерлер бүгін Мәдениет министрлігінің алдына барды
Ұлттық кино орталығынан жобаларды іріктеу үшін тәуелсіз комиссия құруды талап еткен киногерлер бүгін Астана қаласындағы Мәдениет және спорт министрлігінің алдына барды, деп хабарлайды "КҮН.КЗ" тілшісі Ulysmedia.kz сайтына сілтеме жасай отырып. Алматыдан Астанаға арнайы келген олар наурызда Ұлттық киноны қолдау орталығы өткізген киножобаларды іріктеу конкурсына наразылық танытуда. Астанаға келгендердің айтуларынша, орталыққа 290 киножоба жолданған. Соның ішінде 130 киножоба іріктеуден өтіп, 150-ден астамы кері қайтарылған. Киногерлер сол іріктеу конкурсы әділетсіз, заң бұзушылықтармен өтті деп есептейді. Наразы болып Алматыда 12 мамырда митингке де шыққан. Алайда "іріктеу тексерілсін, жаңадан тәуелсіз комиссия құрылып, өткен жобалар саралансын" деген оларға полиция заңсыз жиын өткізді деп айыппұл салған. Айта кетейік, киногерлер шуы шыққаннан кейін Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов жаңадан тәуелсіз комиссия құрылатынын әлеуметтік желіге жазған. Десе де наразы топ министрліктің бұл әрекетіне сенбейді. Бұрынғыша тағы да өздеріне лояльды комиссия құрылатынын айтады. Министрліктер үйі алдында киногерлер журналистерге сұхбат беріп тұрғанда сол жерден мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров өтіп бара жатқан. Аяқ астынан әңгіме депутатпен өрбіді. Мәжіліс депутатына мәселені актер, режиссер Азамат Шағын түсіндірді.