Головкин бас тартқан титул кімге бұйырады?
Бразилиялық боксшы Эскива Фалькао (30-0, 20 КО) IBF нұсқасы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы титулы үшін неміс Винченцо Гуальтьеримен (20-0-1, 7 КО) жекпе-жек өткізетінін мәлімдеді, деп жазды KYN.KZ тілшісі. «Құдайға шүкір, жекпе-жек жақындап келеді! Тарихқа қосылыңыздар», деп жазды Фалькао Instagram-дағы парақшасында. Боксшы жариялаған ресми постерде Фалькао — Гуальтьери кездесуі 1 шілдеде Вупперталь (Германия) қаласында өтетіні жазылған. Боксшылар таласатын орта салмақтағы IBF белдігі әзірге бос. Бұрын ол қазақстандық боксшы Геннадий Головкинге (42-2-1, 37 КО) тиесілі болатын, бірақ ол титулдан бас тартты.