Путиннің Тоқаевқв көпшілік алдында жазған хатында не айтылғаны белгілі болды
Әлеуметтік желілерде Владимир Путиннің Мәскеудегі ЕАЭО саммитінде Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат берген сәті таспаланған видеоның таралымы артып келеді. Хатта не жазылғаны туралы Қазақстан президентінің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай айтып берді. "Жазбада Ресей тарапының ЕАЭО көшбасшыларының шағын құрамдағы кездесуі барысында қойылған сұраққа жауабы жазылған. Әңгіме жүк жөнелтуші қазақ компанияларының Ресей темір жолдарымен ішкі тарифтер бойынша тасымалдауға қол жеткізуі туралы болды. Ресей үкіметі Қазақстан аумағында межелі пункті бар тауарлар жеңілдікті тарифті пайдалана алады, ал Ресей аумағы бойынша транзитпен жүретін тауарларға экспорттық тарифтер қолданылуы тиіс деп есептейді", - деді ол. Айта кетейік, бұдан бұрын президент Тоқаев ЕАЭО ең алдымен экономикалық интеграциямен, содан кейін басқа мәселелермен айналысуы керектігін айтқан. Сондай-ақ, мемлекет басшысы Беларусь президентінің одақтас мемлекеттерге қосылу туралы ұсынысына жауап берді.