Ақтөбеде бір топ қысқабалақ ер адам адамдарды ұрып-соғып, мүлкі мен ақшасын тартып алуды кәсіп қылған
Мұсылмандықты жамылып алып адам ұрлап, қамап, азаптағандар бұрын түрмеде танысып, шығып қылмыстық топ құрған
Ақтөбеде жат ағымның жетегінде кеткен сегіз адам сотталды. Қарақшылықпен айналысқандар тұрғындардың ақшасын тартып алып, көлігін иемденіп отырған. Сотталушылардың сегізі де бұрын істі болған. Түрмеден шыққаннан кейін де бірге жүріп қылмыстық топ құрыпты. Былтыр жазда қала тұрғынын ұрлап кетіп, көлік жөндейтін орталыққа қамайды. Сол жерде ұрып-соғып, қорқытып, 2 миллионын тартып алған. Онымен қоймай, несие рәсімдетіп алыпты. Одан кейін тағы бір тұрғынды ұрлап кетіп, техникалық қызмет көрсететін орталықта әбден қинаған. Қарақшылар бірақ одан ақша таба алмайды. Тартып алар дымы болмаған соң, жәбірленушінің көлігін иемденген. Тергеушілер сотталушыларды деструктивті діни ағым өкілдері деп отыр. Қарақшылықпен айналысқандар жеті мен тоғыз жыл аралығында жаза арқалады. "Күдіктілер бұрын бас бостандығынан айыру түріндегі жазасын өтегеннен кейін, адамдармен алдын ала сөз байласып, мүліктер мен ақшалай қаражатты Ақтөбе тұрғындарынан күш қолдану арқылы иемденген. Мемлекеттік айыптаушының пікірімен келісіп, оларды кінәлі деп танып, әрқайсысына 7 жылдан 9 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады",-дейді Ақтөбе прокуратурасының бөлім прокуроры Әсел Өтенова.