"Алтын Орда" басшылығы базардағы операцияға қатысты пікір білдірді
Базар әкімшілігі: Біздің директор 5 уақыт намаздағы, тіпті шылым шекпейтін азамат
БАҚ-та "Алтын Орда" базарының атқарушы директоры ұсталғаны жайлы ақпарат шығып, желіде видеолар тарады. Онда ұстау операциясы 2 маусым, түс ауа болғаны айтылған, деп жазды КҮН.КЗ тілшісі. Оқиға бойынша Қарасай аудандық полициясы таратқан ақпаратта өздеріне BMW маркалы көлік ішінде қару ұстаған адамдар бар екені жайлы ақпарат келіп түскен. Ұстау операциясы барысында күдік расталған. "Алтын Орда" базарының әкімшілігі бұл жағдайға қатысты пікір білдіріп, директор орынбасарының өзін қорғау мақсатында заңды рұқсаты бар қаруы өзімен болғанын растап отыр. «Алтын Орда» әмбебап сауда кешенінің атқарушы директоры кеше базар маңындағы айналма жолда, бейнебақылау камералары жоқ аумақта түсініксіз жағдайда ұсталды. Видеодан байқасақ, полицейлерге ҰҚК қызметкерлері де көмектескендей көрінеді (дәлелденбеген ақпарат). Қазір "Қаруды оқ-дәрілерді жарылғыш заттар мен жарылғыш құрылғыларды заңсыз сатып алу, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Алайда, көлікте болғандардың қару ұстауға рұқсат қағаздары бар. Сондай-ақ, көлік ішінен ақ ұнтақ заттың табылуы қастандық екенін, оны белгісіз біреулер көлікке салып жібергенін сенімді түрде айта аламыз. Оған қоса, атқарушы директор бес уақыт намаздағы адам, алкогольді ішімдіктер ішпейді, темекі шекпейді. Жалпы, бұл жағдай базарға көз тігіп отырған шенділер немесе әмбебап кешеннің ескі иелерінің әрекеті ме деген күмән бар. Себебі, Үкімет басшысының Алтын Орданы тексеру туралы берілген тапсырмасынан соң екі күннен кейін атқарушы директордың ұсталғаны күмәнді. Қазір «Алтын Орда» сауда-логистикалық орталығы қалыпты жағдайда жұмыс істеп тұр. Ешқандай кедергі жоқ. Бастысы тергеу әділ өтіп, қастандық жасалғаны дәлелденіп, кінәлілер тиісті жазасын алуы тиіс",- деп жауап берді Алтын Орда базарының әкімшілігі.