Мағжан Жұмабаев: Балаға тәрбиені өзінің шамасына, жаратылысына қарай беру керек
Мағжан Жұмабаев: Баланы келешек өз заманына лайық қылып тәрбиелеп шығару керек
Журналистикада ретроспективалық сұхбат деген жанр бар. Ол – өмірден өтіп кеткен адамдармен шығармашылығы негізінде әңгімелесу. Біз бала тәрбиесіне қатысты Мағжан Жұмабаевпен сұхбат құрып көрдік, деп жазды KYN.KZ тілшісі. - Әуелі, тәрбие дегеннің өзі не? Оның барлығына ортақ мағынасы бар ма? - Тәрбие кең мағынасымен алғанда, қандай да болса бір жан иесіне тиісті азық беріп, сол жан иесінің дұрыс өсуіне көмек көрсету деген сөз. Ал енді адамзат туралы айтылғанда, адамның баласын, кәміл жасқа толып, өзіне-өзі қожа болғанша, тиісті азық беріп, өсіру деген мағынада жүргізіледі. ...Дұрысын айтқанда адамға шын мағынасымен «адам» деген атты осы жан ғана беретіндіктен, адам баласын тәрбие қылу дегенде, әрине, адам баласының әсіресе, жанын тәрбие қылу керек деп ұғу керек. Тәрбиеден мақсұт адамды, һәм сол адамның ұлтын, асса барлық адамзат дүниесін бақытты қылу. Ұлт мүшесі әрбір адам бақытты болса, ұлт бақытты, адамзат дүниесінің мүшесі әрбір ұлт бақытты болса, адамзат дүниесі бақытты. Қысқасын айтқанда, тәрбиедегі мақсұт «адам» деген атты құр жала қылып жапсырмай, шын мағынасымен адам қылып шығару. - Ата-ана баланы қанша жақсы тәрбиелегісі келсе де, кейде бір жағы артық болса, бір жағы кем болып жатады. Бұл неден болады? - Тәрбие төрт түрлі: дене тәрбиесі, ақыл тәрбиесі, сұлулық тәрбиесі һәм құлық тәрбиесі. Егерде адам баласына осы төрт тәрбие тегіс берілсе, оның тәрбиесі түгел болғаны. Егерде ол жөпшенді ыстық, суық, аштық, жалаңаштық, сықылды тұрмыста жиі ұшырайтын көріністерді елемейтін мықты, берік денелі болса, түзу ойлайтын, дұрыс шешетін, дәл табатын дұрыс ақылды болса, сұлу сөз, нәзік үн, әдемі түрден ләззат алып, жаны толқынданарлық болса, жамандықтан жаны жиреніп, жақсылықты жаны тілеп тұратын құлықты болса, міне осындай болғанда адам баласының дұрыс тәрбие алып, шын адам болғандығы. Балам адам болсын деген ата-ана осы төрт тәрбиені дұрыс орындасын. Бала ауру не зағип болса, баладан емес, тәрбиешіден. Бала тар ойлы, ақымақ болса, бала кінәлі емес, тәрбиеші кінәлі. Бала сұлулықтан ләззат ала білмейтін мақау жанды болса, бала айыпты емес, тәрбиеші жазалы. «Бала істеген жауыздықтың жазасын тәрбиеші көтерсін» деген иран елінің мәтелі - шын дұрыс мәтел. - Әрине, әркім өз баласын өзінің білгенінше тәрбиелейді ғой. Бірақ, бәріне бірдей бағыттауға болатын жол бар ма? Нені ескеруі керек? - Балаға тәрбие бергенде әрбір тәрбиешінің алдымен қолданатын жолы — өз тәжірибесі. Яғни бала күнде өзі қандай тәрбие алған, һәм баланы бұрын өзі қалай тәрбие қылған. Міне, осы жолмен жүреді. Әрине, бұл жолды тіпті қисық жол деуге болмайды. Қисық болу былай тұрсын, тәрбие туралы әрбір тәрбиешінің өз тәрбиесі - аса қымбат нәрсе. Адамның өз тәжірибесі - жүріп кеткен жолы. Ол жолдың жақсы-жаман жағы көз алдында сайрап тұр. Істегеннен көрген анық. Көргеннен бастан кешкен анық. Бірақ бұл әркімнің өз тәжірибесі қанша қымбат болғанмен, қатесіз жол деуге болмайды. Бір адамның тәжірибесі тым тар, тым бірбеткей тәжірибе. Тәрбиешінің өзіне қолайлы болған жол тәрбие қылатын балаға қолайлы болмасқа мүмкін. Тәрбиеден мақсұт — баланы тәрбиешінің дәл өзіндей қылып шығару емес. Келешек өз заманына лайық қылып шығару ғой. «Балаңды өзімдей бол деп үйретпе, өзімдей болма деп үйрет!» деген Әзірет Әлінің сөзінде көп шындық бар. Бұл – бір. Екінші, әрбір тәрбиешінің қолданатын жолы — ұлт тәрбиесі. Әрбір ұлттың бала тәрбие қылуы туралы ескіден қалып келе жатқан жеке-жеке жолы бар. Ұлт тәрбиесі баяғыдан бері сыналып, көп буын қолданып келе жатқан тақтай жол болғандықтан, әрбір тәрбиеші, сөз жоқ, ұлт тәрбиесімен таныс болуға тиісті. Және әрбір ұлттың баласы өз ұлтының арасында, өз ұлты үшін қызмет қылатын болғандықтан, тәрбиеші баланы сол ұлт тәрбиесімен тәрбие қылуға міндетті. Бірақ, ұлт тәрбиесін, ұлттың тәрбие жолында ұстаған жолын түгелімен дұрыс деуге болмайды. Ұлт тәрбиесінің жақсылық жағы көп болған сықылды, жамандық жағы да көп. Талай нашар, зиянды әдеттер әрбір ұлт тәрбиесі ішінде толып жатыр. Баяғыдан бергі ұлт тәрбиесінің ішінде ұнамсыз, зиянды әдет, жол-жоралар толып жатқан ұлттың біреуі - біздің қазақ. Қысқасы, ұлт тәрбиесі қанша қадірлі, керек жол болғанмен, адастырмайтын дұрыс жол деуге бола бермейді. Жоғарыда айтқаннан көрінеді, балаға шын дұрыс тәрбие беру үшін, тәрбиешінің өз тәжірибесі, һәм ұлт тәрбиесімен таныс болуы жетпейді екен. Бұлар - бірбеткей шикі тәжірибелер. Бұлар сыннан өткізіліп, пісірмеген күйде берік негіз бола алмайды. Бұлардың арасынан жақсы-жаманын, алтын мен мысын тізіп ала білу үшін тәрбие майданында шабылып ысылған тарландардың тәжірибелерімен, түрлі ұлттан түрлі заманда шыққан тәрбие ғалымдарының ойларымен, қысқасы, тәрбие туралы дұрыс жолға түсіретін шын тәрбие дәнімен, яғни педагогикамен жақсы таныс болу керек. - Сөзіңіздің басында тәрбие төрт түрлі болады дедіңіз. Сол төрт тәрбиенің қайсысы қиын, қайсысына көп күш салу керек? - Бастапқы кезде жөпшенді білінбейтін баланың жан тұрмысы бала өскен сайын бірте-бірте біліне бастайды. Сондықтан баланың дене тәрбиесі мен жан тәрбиесін қатар алып бару керек. Қатар алып бару емес, бала өскен сайын тәрбиеші күшінің көбін баланың жан тәрбиесіне жұмсай беруге міндетті. Тегінде берік ұғу керек: адамның қымбат нәрсесі де, жұмбақ нәрсесі де сол – жан. Қиын тәрбие тілейтін де сол – жан. Жанды дұрыс тәрбие қыла білу үшін жанның жайын баяндайтын ғылыммен таныс болу керек. - Ал жанды жақсы тәрбиелеу үшін не істеу керек? - Жан тұрмысының, жан көріністерінің түзу, сау болуы үшін нерв системасының сау болуы шарт. Нерв системасының ағасы, биі – ми. Ми – жанның құралы. Жан ми арқылы сыртқы дүниеде һәм өз денесінде не болып жатқанын біледі. Миды жұмсап, жан денені қозғайды. Егер ми зағып болса, яки зиянданса, адамның жан тұрмысы дұрыс болмайды. Мидың белгілі бір жері зиянданса, адамның қол-аяғы қозғалмай қалады, яғни «паралич» болады. Мұны біздің қазақ «пері соққан» дейді. Яки тілі, кеңірдегі сау болып тұрса да, сөйлей алмай тілсіз болып қалады. Яғни афазия ауруы пайда болады. Жоғарыда айтылғаннан нерв системасының қандай нәзік һәм қандай қымбат екендігі ашық көрініп тұр. Олай болса, жалпы нерв системасын, әсіресе миды сау қылып ұстап, оған зиян келтірмеске керек... Мысалы, балаға миға зақым келтіретін ойын ойнауға жарамайды. Және баланы басқа ұру жарамайды. Балаға насыбай атқызуға, шылым тартқызуға жарамайды. Біздің қазақтың кейбір атқа мінгендерінің жап-жас баласына шылым тартқызып, «қарағымның аузынан түтінді пәлен төредей шығаруын қарашы» деп қарқ-қарқ күліп мәз болатындары бар. Мұның надандық, есерлік екендігінде не сөз бар? Балаға алкоголь, яғни мас қылатын арақ тұқымды нәрсені ішкізудің дұрыс еместігі өз-өзінен белгілі тұр. Нерв системасының сау болуы керек болған сықылды, оның дұрыс өсуі һәм берік болуы да керек. Бар дененің жақсы өсуінің шарты денені тек жатқызбай жұмыс қылдыру болса, нерв системасының жақсы өсуінің һәм берік болуының да шарты сол. Нерв системасына әсіресе миға істететін жұмысы сол мидың өсу дәуірлеріне тура келетін болсын. Есте болсын, адамның бар денесі бастапқы кезде өсуді ғана біледі. Біраздан қозғалымпаз һәм сезімпаз болады. Ұлғая келе ғана адамда есті тұрмыс басталады. Сондықтан балаға бастапқы кезде оның сыртқы сезімдерін ұлғайтатын һәм дене мүшелерін көп қозғалтатын жұмыстар істету керек. Сурет салдыру, жабыстыру (балшықтан түрлі заттар жасау), қол еңбегі һәм гимнастика сықылды. Мұнан соң бала ұлғая, өсе келе оның істейтін жұмыстары да тереңдей беру керек. Қысқасы, нерв системасының тәрбиесі дененің өсуіне қабысып отыруға тиісті. Белгілі жолдармен басқыштап тәрбие қылынған ми сау, өткір һәм талмайтын берік болады. Миын іскер қылып үйренген адам қартайып, бар денесі қаусап іске жарамай отырған күнде де сау милы, дұрыс ойлы болады. Ал енді «жасыңда қылжың болсаң, өскенде мылжың боларсың» деген мақал ып-ырас. - Төрт тәрбие түгел болуы үшін балаға не керек? - Жан тұрмысы өркендеу үшін, яғни ойы, ақылы кеңейіп, құлқы түзеліп, тілі баю үшін жас балаға ертегі – тым қымбат нәрсе. Бала ертегіні жан-тәнімен тыңдайды. Ертекке шын көңілімен нанады. Бала құрғақ ақылды ұқпайды. Жандандырып, суреттеп алып келсең ұғады. Мысалы, балаға өтірік айтпа деген құрғақ сөзің желге айтылғанмен бірдей. Егер сен балаға өтірікші туралы ертек айтсаң, сол ертекте өтірікшінің өтірігінен қор болғанын, зиян көргенін суреттеп алып келсең, міне, бала өтірік айтпау керек екендігін сонда ұғады. Қысқасы, балаға ертегі – тым қымбат нәрсе. Бірақ ертегінің ертегісі бар. Кейбір ертектер баланы бұзудан басқаға жарамайды. Мысалы, дию, пері, жалмауыз кемпір, аруақ, көрден кебінін жалмап шығатын обыр, жын-шайтан секілді ертегілерді балаға айту тіпті дұрыс емес. Мұндай ертегілер баланы бұзады, қорқақ, жасық қылады. Қазақтың баланы «бөки келеді», «қызыл көз келеді» деп қорқытулары да тым-ақ жарамайтын іс. Бала ойыны. Баланың қиялы әсіресе ойыңда жарыққа шығады. Ойын – балаға кәдімгідей бір жұмыс. Ойнағанда бала әсерлерімен пайдаланады. Айналасындағы тұрмыста нені көрсе, соны істейді. Мысалы, қазақ баласы біреуі ат болып қашады, біреуі құрық салады. Шырпыларды тізіп-тізіп көш жасайды. Балшықтан мал жасайды, қуыршақтан қыз жасап, таныстырады, күйеу келтіреді, құда түсіреді. - Тәрбиешіге айтар қандай сөзіңіз бар? - Ұзын сөздің қысқасы, бала кәдуілгі адам болғанымен, баланың жаратылысында көп басқалық бар. Мұхаммед пайғамбар: «Сөзді әрбір адамның ақылына қарай сөйле»,– депті. Сол айтқандай, балаға тәрбиені өзінің шамасына, жаратылысына қарай беру керек. Жас бала – жас бір шыбық, жас күнде қай түрде иіп тастасаң, есейгенде сол иілген күйінде қатып қалмақ. Теріс иіліп қалған шыбықты артынан түзеймін десең, сындырып аласың. «Баланы – бастан» деген сөздің мәнісі осы. Тәрбие деген – баланы бетке қақпай, бетімен жіберу емес. Яки отырса басқа, тұрса аяққа ұрып, көрбала қылып өсіру де емес. Баланы тәрбие қылу – тұрмыс майданында ақылмен, әдіспен күресе білетін адам шығару деген сөз. Қалса – өзін, асса – барлық адам баласын адал жолмен өрге сүйрейтін ер шығару деген сөз. Тұрмыста түйінді мәселелерді тез шеше білетін, тұрмыстың тұңғиық теңізін қалың қайратпен кеше білетін, адалдық жолға құрбан бола білетін, қысқасы, адамзат дүниесінің керек бір мүшесі болатын төрт жағы түгел кісі қылып шығару. Баланы мұндай адам қылу үшін тәрбиеші бар күшін, бар білімін жұмсап, жалықпай, шаршамай үйрете білу керек.