Қызылорда облысының әкімі he Ritz-Carlton-дағы ұлының тойы жайлы: Бір балама той жасауға шамам жетеді
Нұрлыбек Нәлібаев "Миллиондар шашылған ұлының тойы, қымбат сағаты, журналистерден үнемі неге қашады" бәрін түсіндірді
Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ұлының тойы жөнінде қызу талқыланған сұраққа жауап берді, деп хабарлайды КҮН.КЗ тілшісі Ulysmedia.kz сайтына сілтеме жасап. Еске сала кетсек, былтыр Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың ұлының тойы қызу талқылған еді. Egov.press телеграм арнасының жазуынша, той The Ritz-Carlton кешенінде өткен. Мұнда бір адамға арналған меню құны 72 мың, ал ішімдікке кеткен қаржы шамамен 750 мың теңге. Ғимаратты жалға алу 12 миллион, оны безендіру 27 миллион, сахна мен құрылғыларды жалдау 18 миллион теңге. «Осылайша, The Ritz-Carlton қызметкерлерінің есебінше, 200 адамға арналған бұндай тойды өткізу үшін шамамен 265 миллион теңге қаржы жұмсау қажет. Тойды «Базар жоқ» театрының директоры Тұрсынбек Қабатов жүргізген. Оның бұл тойдан қанша ақша алғаны белгісіз. Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың су жаңа құдасы Астана аудандарының бірінің сот төрағасы деген дерек бар», - деп жазған еді ақпарат көзі. Бүгін Нәлібаевқа «Әкім болғалы қымбат сағатыңызбен, Ритц карлтонда той өткізумен, журналистен қашумен ел ішінде есіміңіз қызу талқыға түсті, Өзіңізді Жаңа Қазақстанның форматы мен принциптеріне сәйкес келемін деп санайсыз ба?» деген сұрақ қойылды. Алайда әкім журналистен қашқанын жоққа шығарды. «Менің ешкім алдымнан шығып, бетпе-бет сұрақ қойған жоқ. Шынымды айтсам, үкіметтегі басқа жиынға асығып бара жатқанмын. Артымнан түсіріп алып, кейін салып жіберсе, оны көрмесем, мен оған қалай жауаптымын деп айта алам. Сағат негізінен 2016 жылы түсірілген. Мен оны әкім кезімде сатып жүрген жоқпын. Сол кездегі суретті алған. Керек болған жағдайда оны дәлелдеп те бере аламыз», - дейді ол. Ритц Карлтондағы тойға байланысты әкім әәр ата-ана, әр азамат өзінің ұлына бір той жасап беруге ниетті әрі парызы деп ойлайтынын» айтады. «Әлеуметтік желіде көтерілгендей ол жерде 200-дің үстінде кісі болған жоқ. Жүзге тарта кісі болды. Жақын туыстарымыз баламыздың, келініміздің достары. Әлеуметтік желіде көрсетілгендей оған миллиондаған қаражат кеткен жоқ. Сырттан ешқандай жұлдыз шақырылған жоқ. Биографиямды қарасаңыз да болады. Мемлекеттік қызметке дейін 10 жылдай бизнес саласында жұмыс істедім. Бір баламызға кішігірім той жасап беруге мүмкіндігіміз бар. Ол менің ата-ана есебіндегі парымыз деп есептеймін», - дейді ол.