Кәсіпкер мүмкіндігі шектеулі курьерге мопед сыйлады
Әлеуметтік желіде курьер мүмкіндігі шектеулі жас жігіттің жаяу тамақ тасып жүрген видеосы тарады, деп жазды KYN.KZ тілшісі. Бұл видеоны көрген қайырымды кәсіпкер жігітке мопед сыйлап тосын сый жасады. "Сенің видеоңды көріп қатты мотивация алдық. Ер азаматтың жұмысқа бейім екенін, ешқандай жұмыс жоқ деген сылтау жоқ екенін дәлелдеп бердің. Алланың берген сынағы ғой. Мен қазір саған қолымнан келгенше көмектесемін. Өзімнің ер азаматтық парызымды орындаймын. Сен көпке үлгі болдың...Менен көп адам көмек сұрайды. "Бәке көмектесіңіз", деп. Он екі мүшесі сау адамдар", деп кәсіпкер сыйлығын табыстады. Желі қолданушылары болса: "Жақсылық жасағаныңыз Алладан қайтсын", "Осындай қайырымды жандар көп болсын", "Бұл баланы жұмысқа алған мекемеге де алғыс айту керек. Жарайсыздар сіздер сияқты жақсы адамдар көп болса екен", деп ойларын ортаға салып жатты.