Антикор: Нұржан Әлтаев Абылай Мырзахметовтен жүйелі түрде пара алған
Нұржан Әлтаев «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының бұрынғы төрағасымен сыбайлас болған. Антикор экс-депутаттың 2018-2020 жылдар аралығында Абылай Мырзахметовтен жүйелі түрде пара алғанын жариялады. Мырзахметов өзі жетекшілік еткен ұйымның жұмысын өрге домалатуы үшін Әлтаевқа қомақты қаражат аударып отырыпты. Күдікті ол уақытта еңбек вице-министрі, кейіннен Мәжіліс депутаты лауазымында болған. Осындай жауапты қызметтерде отырып, ол Абылай Мырзахметовтің ірі көлемдегі мемлекеттік тапсырыстар алуына ықпал еткен болуы мүмкін. Әзірге белгілісі осы. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің тергеудегі экс-шенеунікке қатысты өзге ақпаратты жариялаған жоқ. Антикор Әлтаевты кеше тұтқындаған. Әр жылдары лауазымды қызмет атқарған ол өз партиясын ашамын деп, 2020 жылы депутат мандатын тапсырған болатын.