Абай облысында орман өртіне байланысты төтенше жағдай жарияланды
Абай облысының әкімдігі орман өртіне байланысты аймақта төтенше жағдай жариялады, деп жазды KYN.KZ тілшісі. «Семей қаласының әкімі Нұрбол Нұрсағатовтың шешімімен жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай режимі жарияланды. Ал Абай облысының Бородулиха ауданында төтенше жағдай әлі де сақталуда», делінген хабарламада. Төтенше жағдайды жою бойынша штаб басшысы болып қала әкімінің орынбасары Рамиль Досмағанбетов белгіленді. «Семей» орманы резерватында өрт 8 маусым күні шыққан. Өрт найзағайдың 2 рет соғуынан шыққан. Өртті тез арада ауыздықтау мүмкін болмады, бұған «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты техникасы биік құм төбелері орналасқан аймаққа жете алмауы себеп болды», деді Абай облысы әкімінің орынбасары Димитрий Гариков. Сондай-ақ Абай облысындағы табиғи өртке байланысты жедел желі ашылып, ТЖМ және ТЖД психологтарының жұмысы ұйымдастырылды. Көмекке мұқтаж халық 8 7172 53 32 84, 8 722 235 38 31 нөмірлеріне және 112, 101 телефондарына хабарласа алады.