Жамбыл облысында бүтін бір ауыл күйдіргі ауруына байланысты карантинге жабылды
Жамбыл облысында күйдіргі ауруы шыққан бүтін ауыл 15 күнге карантинге жабылды. Қазір Тамды елді мекеніне санитарлық блок-бекет қойылып, ет-сүт өнімдерін шығаруға рұқсат жоқ. Ветеринарлар осындай қадамға баруға мәжбүр. Өйткені, 3 адам сиырды сою кезінде қауіпті кесел жұқтырып, қазір ауруханада жатыр. Талас ауданына қарасты Тамды ауылына кіре беріске болок-бекет қойылған. Әдетте емін-еркін қатынайтын көліктердің бәрі мұқият тексерілуде. Өйткені ет-сүт өнімдерінің сыртқа шығып кетпеуі қатаң бақылауда. Мұндай мұқиятылылыққа үш адамнан күйдіргі анықталуы түрткі болған, деп жазды КҮН.КЗ тілшісі КТК жаңалықтарына сілтеме жасап. "Ауылда карантиндік жоспар жасалды. Ауылдын сүт, ет өнімдерін шығармауға тапсырма берілді. Барлық малдарға екпе жұмыстары жасалып жатыр, қой, ешкі , сиыр. Барлығына санитарлық жұмыстар жасалуда",- дейді Тамды ауылдық аумағының әкімі Рауан Асқаров. 50, 55 және 59 жастағы азаматтар күйдіргі дертіне сиыр сою кезінде шалдықса керек. Қазір қасапшылар ауруханада жатыр. Алғашқыда біреуінің жағдайы ауыр болған дейді-дәрігерлер. Кейін бәрінің ахуалы тұрақтылапты. Ал, ветеринарлар ірі қара малға кеселдің қалай жұққанын таппай әлекке түсіп жатыр. Сол ауру таратқан зеңгі баба тұқымының көзі арнайы пеште өртеу арқылы жойылған. "Қазіргі таңда ауырғандардың ішінен бір науқас қанағаттанарлық жағдайда ауруханадан шығарылды. Үш науқас ем шараларын жалғастыруда. Науқастар малды ветеринарлық рұқсатсыз сойғаны анықталды",- дейді Жамбыл облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нейли Мүлікова. Үш адамның 35 туысы түгелдей тексеруден өтіп, оларға ауру тарамағаны белгілі болды. Мал сойлыған аула да толық залалсыздандырылған. Ал, ветеринарлар бір ауылдан кесел шықты екен деп дүрлігуге негіз жоқ дейді. Күйдіргі Жуалы ауданы, Көлтоған ауылының 46 жастағы тұрғынынан да анықталды. Науқастың жағдайы жақсарғандықтан үйіне жіберілген. Алайда оның да жұқпаға қалай шалдыққаны белгісіз. Қазір бұл іс бойынша полиция тексеру жүргізуде.