Абай облысындағы өрт кезінде қаза тапқан орманшылардың суреттері жарияланды
«Семей орманы» ГЛПР Новошульба филиалының 14 қызметкерінің фотосуреттерін Экология министрі Зүлфия Сүлейменова жариялады. «8 маусым күні сағат 22.00-де “Семей Орманы” мекемесі Новошульба филиалының 14 қызметкерімен байланыс үзілді. Маусымның 9-ы күні сағат 13.00-де бізге үш адамның мәйіті табылғаны туралы хабарлады... Біз бәрі жақсы болар деп үміттенген едік, болмады. Бүгін із-түссіз жоғалған 11 адамның мәйіті табылды», - деп жазды Сүлейменова. Осы сәтте Ішкі істер министрлігі бес адамның жеке басын анықтады: 1. Серікжан Тоқтасын, 27 жаста 2. Александр Сидорин, 39 жаста 3. Саят Нұржігітов, 51 жаста 4. Алексей Губаев, 30 жаста 5. Амангелді Дүйсембаев, 59 жаста. Өрт сөндіру орнынан табылған қалған 9 адамның жеке басы анықталып жатыр. Еске салайық, Абай ауданындағы 30 мың гектарға жуық аумақтағы өрт 9 маусымда басталған. Алайда кешке қарай оның аумағы 60 мың гектарға дейін ұлғайып үлгерді. Осыған байланысты Семей қаласында төтенше жағдай жарияланды. Абай өңірінде ел тарихындағы ең ірі өртке байланысты Төтенше жағдайлар министрлігінің басшысы Юрий Ильин қызметінен босатылып, жаңа министр тағайындалды. Ол - Сырым Шәріпханов. Үкімет өрттен зардап шеккен отбасыларға әлеуметтік көмек көрсету туралы шешім қабылдады. Өкінішке қарай, үш өрт сөндіруші мен орман шаруашылығының 14 қызметкері қаза тапты. Олардың 5-інің мәйіті анықталды. Адамдардың өлімі бойынша қылмыстық іс қозғалды.