Министр: Елімізде жыл басынан бері 88 млрд теңге игерілмей қалған
Елімізде жыл басынан бері 88 млрд теңге игерілмей қалған. Оған не себеп? Шетелдік құзыретте болған Jusan активтері елге қайтарылды. Банкке қандай талаптар қойылып отыр? Осы және өзге де ақпараттар экономика топтамасында. БЮДЖЕТ ҚАРАЖАТЫ ИГЕРІЛМЕЙ ҚАЛҒАН Жыл басынан бері бюджеттің 88 млрд теңгесі игерілмеген. Бұл туралы Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев үкімет отырысында айтты. Оның сөзінше, конкурстық рәсімдердің ұзақ жүргізілуі мен шот-фактуралардың уақытылы ұсынылмауынан тиісті қаражат игерілмей қалған. Ал, мемлекеттік сатып алу бойынша 30 мыңнан астам бұзушылық болған. Ол бюджеттің 383 млрд теңгесіне аудит жүргізу кезінде анықталған. Премьер-Министр мұндай жағдайда қаржылық тәртіпті күшейтуді тапсырды. Әлихан СМАЙЫЛОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ: Бюджеттік бағдарламалардың бірқатар әкімшілері бюджет қаражатын игермеген. Бюджет параметрлерінің сақталуын және қаражаттың тиімді бөлінуін қамтамасыз ету қажет. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымын жөндеу және реконструкциялау бойынша жоспарланған инвестициялық іс-шаралардың орындалуы ерекше бақылауда болуы тиіс. Әлеуметтік-экономикалық дамудың барлық жоспарланған көрсеткіштеріне қол жеткізу керек. JUSAN BANK АКТИВТЕРІ ЕЛГЕ ҚАЙТАРЫЛДЫ Шетелдік құзыретте болған Jusan банк активтері елге қайтарылды. 2021 жылы Jusan Bank және телекоммуникация, ауыл шаруашылығы мен өзге де салалардағы ірі активтер шекара асып кеткен. Сол кезде ел Үкіметі іс жүзінде топқа бақылау жасау құқығынан айырылды. Әділет министрлігінің мемлекеттік органдармен бірлесе қабылдаған шараларының нәтижесінде Jusan тобы отандық құзыретке оралды. Енді Jusan Bank Қазақстан заңнамасына сай жұмыс істеп қана қоймай, білім беру ұйымдарын қаржыландыруды жалғастыруға міндеттелді. «Банк бұған дейін алған мемлекеттік көмекті мерзімінен бұрын қайтарады. Сыртқа шығарылған активтерді қайтару жұмысы жалғасады», - деп хабарлайды Әділет министрлігі. ИНФЛЯЦИЯ ТӨМЕНДЕП КЕЛЕДІ Елімізде инфляция үшінші ай қатарынан төмендеп келеді. Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов айтты. Ол инфляцияның тежелуіне сыртқы сауда-серіктес елдердегі төмен инфляция ықпал етіп отыр дейді. Ұлттық банк инфляцияның төмендеу алдағы уақытта да жалғасады деді. Ғалымжан ПІРМАТОВ, ҚР ҰЛТТЫҚ БАНК ТӨРАҒАСЫ: Мамыр айында жылдық мәнде 15,9 пайызға дейін төмендеді. Инфляцияның айлық деңгейі 0,6 пайызды құрады. Жылдық мәндегі азық-түлік инфляциясы ақпан айындағы ең жоғары 26,2-ден 16,5 пайызға дейін баяулады. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар инфляциясы 17,2, ақылы қызметтер инфляциясы 13,5 пайызға дейін бәсеңдеді.