Ұлықпан Жолдасов: Димашқа ән жазу өте қиын
Ұлықпан Жолдасов: Димаш орындаған менің әнім, Қытай елінде хит-парадта бірінші орында болған
Отандық арналардың бірінде қонақта болған белгілі әнші, композитор Ұлықпан Жолдасов Димаш Құдайбергенге жазған әндері туралы айтты, деп жазды KYN.KZ тілшісі. «Ән жалпыға бірдей жазылады. Димашқа дайын, бірақ сөзі жазылмаған композицияларымды бердім. Жалпы, мен үшін Димашқа ән жазу өте қиын. Себебі оның талғамы бөлек, мүлде басқаша. Адам өзінің табиғатына келетін әнді айтады. Димашқа біздің туындыларымыз көп келе бермейді», - деді Ұлықпан Жолдасов. Сонымен қатар, композитор бүгінде Димаш Құдайберген 6 әнін орындап жүргенін айтты. Олардың қатарында Қытай елінде хит-парадта бірінші орында болған туынды бар екен. Сондай-ақ сұхбат барысында Жеңіс Сейдоллаұлы Ұлықпан Жолдасовпен таныстығы қалай басталғанын айта келе, қызық оқиғасымен бөлісті. «Осы орайда ешкім естімеген бір оқиғаны айтып берейін. 1980-шы жылдары Шымкент музыка училищесінде оқып жүрдім. Кейін осы оқу орнына Ұлықпан түсті. Енді бір 6 айдан кейін қарасам, Ұлықпан жоқ. Сосын балалардан «Ұлықпан қайда?» деп сұраймын. «Ол кетіп қалған, училищеде жоқ» деді. Арада жылдар өтіп, кейін Ұлықпанмен бір кездескенде «сен осы неге оқудан кетіп қалдың?» деп сұрадым. Ол «Шынымды айтсам, орысша үйрене алмай қойдым» дейді», - деп сол жылдардағы қызықты оқиғаны есіне алды әнші, композитор Жеңіс Сейдоллаұлы. Студияда қонақта болған Ұлықпан Жолдасовтың өзі де мұндай оқиғаның болғанын растады. «Орысша білмей, оқу орнын тастап кеткенім рас», - деді Ұлықпан Жолдасов.