"Әйелім 11 жас кішкентай": Біржан Хасанғалиев алғаш рет отбасы жайлы айтты
Өнер иесінің бүгінде үш перзенті бар
Ескендір хасанғалиевтің ұлы Біржан Хасанғалиев алғаш рет отбасы, әйелі жайлы сұхбат барысында тарқатып айтты. Бүгінде шенеунік қызметіндегі композитордың өмірлік серігі өзінен 11 жасқа кіші екен. Өнерлі отбасында тәрбиеленген азамат БазарLike бағдарламасында жеке өмірі жайлы кеңінен әңгімеледі, деп хабарлайды КҮН.КЗ тілшісі. "Мен негізі кеш үйлендім. Болашақ жарымды көп іздедім. Ақмаржан есімді жұбайым бар. Ол медицина саласында қызмет етеді. Әйелім өзімнен 11 жас кіші. Мен үйленгенде 33 жаста, ол сол кезде 22-де болатын. Қазір үш баламыз бар. Үлкен қызым Зере 10 жаста. Кенжем Нұрискен 3 жаста, ортаншы ұлым Нұрсұлтан биыл сегізге келеді. Өнер жолы өте қиын жол ғой. Әсіресе, музыка саласы - өте қиын жол. Оған көп оқу керек. Өзім музыканы 16 жыл оқыдым. Мектепте 7 жыл, қазір өзім басқаратын колледжде 4 жыл, консерваторияда 5 жыл оқыппын. Медицина саласы сияқты оқуы көп. Балаларым Байсейітова атындағы арнайы музыкалық мектепте оқиды. Оларға музыка саласын таңдайсыңдар деп баса айтпадым. Менің ойымша, бастысы - жақсы білім алу. Әрине, қабілеті болып тұрса, өздерінен шыққан ұсыныс болса, қолдаймын. Олар басқа жолды таңдағысы келсе, шешімін қолдаймыз",-деді Біржан Хасанғалиев.