Төреғалиға тағы бір айып тағылып, қамауда отыру мерзімі ұзарды
Полицейлер есірткіге мас күйде ұсталған әншінің тағы бір заңды бұзғанын анықтаған
Әнші Төреғали Төреәліні қамауда ұстау мерзімі бірнеше күнге ұзарды. Өйтпені полицейлер оның есірткіге масайып алып жасаған әрекеттерінен тағы бір заңбұзушылық анықтаған. Сот олардың шағым-арызын қанағаттандырып, әкімшілік құқық бұзушылық бойынша үкім оқыды. Бұл туралы Әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот мәлімдеді, деп хабарлары КҮН.КЗ тілшісі. Соттың мәліметінше, әртіс Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің "полиция қызметкерінің талаптарын орындамау" бойынша жауапқа тартылды. Іс сотқа 16 маусымда келіп түсіп, 21 маусымда қаралды. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама және істің өзге де материалдары дұрыс ресімделгені атап өтілді. Оны жауапқа тартпауға мүмкіндік беретін мән-жайлар анықталған жоқ. Өтініштер мен қарсылық білдірулер де түскен жоқ. Іс видео-конференциялық байланыс арқылы қаралды. Сот ісін жүргізу тілі – орыс тілі. “Іс материалдарын зерделеп, сот 14 маусымда Әлихановтың (Төреғали Төреәлидің тегі – авт) есірткіге мас күйінде 111 ALI11 мемлекеттік тіркеу нөмірі бар Lexus LX570 маркалы автокөлікті басқарғанын анықтады. Майлин көшесімен 216 үйге қарама - қарсы солтүстік бағытта келе жатып, ол патрульдік полицияның көлік құралын тоқтату туралы заңды талаптарды орындамады", - делінген сот хабарламасында. Нәтижесінде Төреғали Төреәлі кінәлі деп танылып, оған тағы үш тәулікке қамауға алу түрінде әкімшілік жаза қолданылады. Айта кету керек, әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің осы бабы бойынша 40 АЕК (120 мың теңгеден астам) айыппұл немесе үш тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу көзделген. Ол нәтижесінде 23 күн қамауға алынуы керек.