"Қазақстан кез-келген жағдайға дайын болуы керек": Саясаттанушылар Ресейде болып жатқан жағдайға байланысты пікір білдірді
Еліміздің саясаттанушылары көрші елде болып жатқан келеңсіз жағдайларға байланысты пікір білдірді, деп жазды KYN.KZ тілшісі. Саясаттанушы Досым Сатпаевтың ойынша, Ресейдегі қарулы төңкеріс мемлекеттің имиджіне кері әсер етеді. Facebook-желісіндегі парақшасында жариялаған жазбасында ол Қазақстанның кез келген жағдайға дайын болуы керегін мәлімдеді. "Төңкерістің қанша уақытқа созылатыны маңызды емес. Бәлкім, Пригожинді жеңіп кететін шығар. Тіпті Путиннің жанында жүрген оның жақтастарын да тазартуы мүмкін. Ең бастысы, бұл демарш Ресейдің өз ішінде ел билігінің имиджін түсіреді. Мұнда соғысты жақтайтындар әлі де жетерлік. Путинді "білікті стратег" деп есептейтіндер бар. Бірақ ол өз қарамағындағыларды да бақылай алмай отыр деген сөз. Путин кеткен соң Ресейдің жағдай не болмақ? Қазақстанға солтүстіктегі көршімізде болатын кез келген жағдайға дайын болу керек", – деп жазды Сатпаев. Қазыбек Бейсебаевтің пікірінше, Қазақстан бұл жағдайға қатыспайды. "ҰҚШҰ аясында да Қазақстан араласпайды. Бұл істің бізге қатысы жоқ. Ресеймен көрші болғандықтан, ол жақта болған жағымсыз жағдай бізге дәл солай әсер етеді. Ресейде барлығы жақсы болса, бізде жақсы болады", – деп жазды сарапшы. Саясаттанушы Ғазиз Абишев Ресейдегі жағдайға қатысты пікір білдіріп, төңкерістің Қазақстанға әсер етпейтінін мәлімдеді. "Бұл – Ресейдің ішіндегі топтар айқасы. Сондықтан Қазақстанға келіп-кетер қауіп жоқ. Сыртқы саясатқа да әсер етпейді", – деді ол. Ал Қазыбек Бейсебаев көрші елде болған жағдайдың Қазақстанға әсер етпей қоймайтынын мәлімдеді. "Біріншіден, Ресейдегі жағдай біздегі ақпарат алаңына әсер етеді. Себебі көрші ел болғандықтан ақпарат алаңымыз ортақ. Бұл Қазақстанның Ресейге тәуелді екенін білдірмейді. Екіншіден, Ресей билігі жағдайды қолға алмаса, әрі қарай күрделенеді. Егер төңкерісті тоқтатса, ештеңе өзгермейді. Турасын айтсақ, көтеріліске шыққан адамдардың өткен өмірі таза емес. Ұлтшылдық бағытты ұстанса, бізге де қатер төнеді. Өз жерімізді қайтарамыз деуі де ықтимал", – деді саясаткер.