«Грэмми» сыйлығының иегері Иманбек Платиналы дискіні музейге тапсырды
Әйгілі «Грэмми» сыйлығының иегері Иманбек Зейкенов Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейіне өзінің платиналы дискісін тарту етті, деп жазды KYN.KZ тілшісі. Заманауи музыкалық коллекция саз өнеріне аңсары ауған жас өрендер үшін қызықты болары сөзсіз. Бұл жаңалықты Потанин атындағы Тарихи-өлкетану музейі әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады. «Қазақстандық диджей әрі саунд-продюсер Иманбек Зейкенов 2021 жылы алған платиналы дискіні музейге сыйлап, экспонаттар қорын толықтыра түсті. Жақын күндері бұл ерекше экспонатты біздің экспозицияларымыздан көре аласыздар» делінген ақпаратта. Музейдің бас қор сақтаушысы Әлия Жомартованың айтуынша, бүгінде аталған мекеменің қорында 143 мыңнан астам жәдігер бар. Мәдени ұйымға қарасты Майра Шамсутдинова атындағы ән-өнер музей-үйінде көбіне саз өнеріне қатысты экспонаттар топтастырылған. Айтып өтейік, платиналы дискіні Иманбек шетелдік танымал әнші-сазгерлер Rita Ora және David Guetta-мен бірге өңдеген «Big» композициясы үшін алған. Бұл тректе би музыкасы, электро-поп, хип-хоп және хаус ырғақтары бар. Кезінде музыка сыншылары әуенде кездесетін дыбыстар мен вокалға ерекше мән берген. Бұл туынды Болгариядағы музыкалық чарттарда жетінші орынды иеленсе, Германия, Мажарстан, Ирландия, Литва, Швейцария, Ұлыбритания елдерінде тыңдарман тарапынан жоғары бағаланды. Billboard Dance/Electronic Songs рейтингінде 11-орынға тұрақтады.