Парламент депутаттары каникулға кетті
Бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтіп, онда сегізінші сайланған Парламенттің бірінші сессиясы ресми түрде жабылды, деп хабарлайды КҮН.КЗ тілшісі. Депутаттар биылғы 1 қыркүйекке дейін парламенттік каникул деп жарияланатыны туралы арнайы қаулы қабылдады. «Бүгін біз сегізінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламентінің бірінші сессиясының жұмысын аяқтап, қорытындылап отырмыз. Атқарған қызметіміздің нәтижесін дәстүр бойынша түйіндеп, болашаққа жоспарымызды нақтылап алуымыз қажет. Былтыр Қазақстан халқы бүкілхалықтық референдумда Президент реформаларын қолдады. Еліміздің жаңарған Конституциясы бүкіл мемлекеттік жүйе бойынша ауқымды өзгерістерге жол ашты. Суперпрезиденттік жүйеден президенттік республика үлгісіне көштік. Парламенттің рөлі мен мәртебесі күшейді. Ел басқару ісіне халықтың атсалысу белсенділігі арта түсті. Азаматтардың құқығын қорғаудың конституциялық тетіктері нығайтылды. Сенат пен Мәжіліс депутаттарын сайлау елдегі саяси жаңғырудың шешуші кезеңіне айналды. Заң шығарушы орган толығымен қайта құрылды», - деді Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов. Осы орайда палата спикері Сенаттың құрылымы өзгергенін еске салды. Қазақстан халқы Ассамблеясы Сенатта өз мандаттарын алды. «Мәжіліске алғаш рет 6 саяси партия сайланды. Осыған дейін ұзақ уақыт бойы оппозицияда болған партия Парламентке өтті. Бұл жолғы сайланым Қазақстан тарихындағы ең көп партиялы Парламент болып отыр. Мәжіліс түрлі көзқарастар мен саяси күштер тоғысқан алаңға айналды. Халық қалаулыларының жаңа толқыны келді. Мәжіліс құрамы ұзақ жылдан бері алғаш рет бірмандатты округтен сайланған, шынайы әрі тартысты бәсекеде озып шыққан депутаттармен толықты. Сонымен қатар әйелдер мен ерекше қажеттілігі бар адамдардың және жастардың қатары көбейді. Сегізінші сайланымды басқа шақырылымдарға қарағанда «ең жас Парламент» деп атауға болады. Жасы әлі 35-ке толмаған 13 депутат Қазақстан жастары атынан өкілдік етуде. Бүгінгі таңда жаңарған Парламент – саяси мәдениеті жоғары, беделді халық қалаулыларынан құралған», - деді Мәжіліс төрағасы. Е.Қошановтың айтуынша, бірінші сессия небәрі 100 күнге созылды. «Қысқа болғанымен, атқарылған міндеттер бойынша бұл сессияның жұмысы өте маңызды әрі мазмұнды болды. Сессияның ашылуында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қызметіміздің негізгі бағыттарын айқындап берді. Олар іс жүзінде жүзеге асырылып, Парламентте қаралған заң жобаларының негізіне айналды. Бұл сессия барысында палаталардың 3 бірлескен отырысы болды. Сенаттың 12 және Мәжілістің 15 жалпы отырысы өтті. Онда 120-дан астам мәселе қаралды. Парламенттің қарауында 82 заң жобасы болды, соның ішінде 25 заң қабылданып, 13 заңға Президент қол қойды. Қазіргі сайланымның басты ерекшелігі – көптеген маңызды заң жобаларының депутаттардың бастамасымен әзірленуі. Депутаттар бастамашы болған заң жобаларына сайлаушылардың талап-тілегі, мұң-мұқтажы, ел Президентінің тапсырмалары арқау болды», - деді Е. Қошанов.