"9 баласында анамызға қарауға уақыт жоқ":Жазира Байырбекова анасының дерті мен күтімі жайлы айтты
Әнші: Менің анама ұлым 1 бөлмелі пәтер алып берді
Жазира Байырбекова бірнеше жылдан бері 9 бала тапқан анасының ауыр дертке шалдыққанын айтқан болатын. Бүгінде үлкен кісіні өзінің туған балалары мен немерелерінің қарап, бағуға уақыты жоқ екенін есіне алған әнші көзіне жас алды. Сөзінше науқас анасын қайын сіңлісі күтіп-бағуда, деп жазды КҮН.КЗ тілшісі Қызықты Weekend бағдарламасына сілтеме жасай отырып. "Осыдан жеті-сегіз жыл бұрын маған дәрігерлер айтқан болатын. "Кез келген уақытта дайын жүр. Анаңыздың жағдайы қиын. Басына 50 пайыз қан-сұйықтық құйылған", - деді. Сол кезде Алла тағаладан жалынып сұрадым: "Басқа да бауырларым бар. Анамның ризашылығын алуым керек. Ең болмаса 5 жыл уақыт берші", - дедім. Сол тілегім қабыл болды. Қазір анам жақсы. Денсаулығы көңіл-күйіне байланысты. Негізі бәрі көңіл-күйге байланысты екен. Қасында өзінің жақсы көретін туған қайын сіңлісі бар. Сол кісі қарап жатыр. Анамды жақын жерге көшіріп алып келдім. Тоғыз баласы бар. Тоғыз баласы болса да, тоғыз баланың ешқайсысының қарауға уақыты жоқ. Жұмыс, бала-шағасы бар. Анамның қайын сіңлісі Айткүл әпкеме рахмет. Бәріміздің міндетімізді атқарып отыр қазір. Бір бөлмелі пәтерді менің балам Қазыбек сатып әперді. Біз анамды Кореяға апармақ болғанбыз. Бірақ дәрігерлер бұл аурудың емі жоқтығын айтты. Ота да жасалмайды, дәрімен де емделмейді. Тек осы қалыпты ұстап тұру керек. Сол кезде басына құйылған қан 50 пайыз болатын. Қазір енді одан көбірек. Көңіл-күйі жақсы болса, анам жақсы жүреді. Сол өзінің қайын сіңлісі көңілін жақсы табады. Үлкен адамның көңілін табу оңай емес қой. Ол кісі өзінің де енесін баптап, бағып, о дүниеге шығарып салған соң, жеңгесін қарап отыр. Үлкен кісіге қарап отырған ұл-қызға, келіндерге басымды иемін. Бұл кез келген адамның қолынан келмейді. Үлкен қарияны Алладан келген мейірімділігі бар адам ғана қарай алады", - деді Жазира Байырбекова.