Қаңтар оқиғасы: ҚазҰУ ректорының ұлын атып өлтірген әскери қызметкерге сот үкімі шықты
Алматы гарнизонының әскери сотында қару қолдану арқылы билікті және қызметтік өкілеттілігін асыра пайдалану бойынша айыпталған сотталушыға қатысты қылмыстық іс қаралды, деп жазды KYN.KZ тілшісі. Анықталғанындай, 2022 жылы 6 қаңтарда сотталушы М. Алматы қаласында төтенше жағдай кезінде, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 18404 әскери бөлімінен тартылған. Сотталушы «Республика» алаңы маңындағы бағдаршамда тұрған «Lexus 570» маркалы автокөлікке автоматтан бірнеше оқ атып, көлік жүргізушісі қаза тапты. Бұл ауыр қылмыстар санатына жатады және ол үшін 5 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. «Жасалған қылмыстың сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін ескере отырып, сотталушыға 6 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», - деп хабарлады Алматы гарнизонының әскери сотынан. Үкім заңды күшіне енген жоқ. Айта кетейік, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Жансейіт Түймебаевтың ұлы былтыр қаңтардағы бүлік кезінде қаза тапқан еді.