Қазақстанда Пәкістаннан әкелінген улы шай сатылып жатыр деген ақпарат тарауда
Пәкістаннан әкелінген шай онкологиялық ауруды тудыруы мүмкін деген хабар тарады, деп жазды KYN.KZ тілшісі. Қазнетте шай токсиндерін қалай анықтау керектігі бейнеленген ролик тарап жүр. Құрғақ қайнатпаға аздап су құйылады, содан кейін оны сарғыш-қоңыр түске боялған қағаз парағына ысқылайды. Автор мұндай шай денсаулыққа қауіпті екенін айтып, тіпті қатерлі ісік тудырады деген қорытынды жасаған. Бейнежазбаның сипаттамасына қарағанда, шай Пәкістанда өндірілген және оның құрамынан химиялық бояғыштар табылған. Айта кету керек, Қазақстанда Пәкістан шайының кейбір маркалары Кеден одағының техникалық регламенттерінің талаптарына сәйкес келмеуіне байланысты тыйым салынды. Себебі олардың құрамынан синтетикалық бояғыштар табылған. Алайда бейнеде көрсетілген шай тыйым салынған өнімдер тізімінде болмаған. «Видеодағы шайдың Пәкістанға ешқандай қатысы жоқ. Ірі маркетплейстердің бірінде сіз өнімнің қаптамасының фотосуреттерін әртүрлі дүкендерден таба аласыз. Олардың бірінде Кенияда шай өндірілгені, ал Қазақстанда, Алматы облысы Қарасай ауданы Көкөзек ауылында қапталғаны анық көрінеді. Сондай-ақ қаптамада шайдың құрамы көрсетілген. Онда синтетикалық бояғыштар жоқ. Шайдың өзінен басқа, құрамында апельсин мен грейпфрут бар», деп түсіндірді Stopfake.kz. Айта кетсек, шайдың бояғыш қасиеттері қандай да бір токсиннің бар екенін білдірмейді. Шай құрамында каротин, теафлавин және теарубигин бар, олар қағазды және басқа ақ заттарды бояуға қабілетті. Соңғы екеуі шай жапырағын ашыту процесінде пайда болады. Олар алтын сары және қызыл-қоңыр реңктер береді.