Қазақстанда 1 қыркүйектен бастап ит пен мысықты иесі арнайы есепке қоюға міндеттелді
Әр ит пен мысықта чип болуы керек
1 қыркүйектен мысық пен итті есепке қойып, чиптеу міндетті болады, - деп хабарлайды КҮН.КЗ тілшісі. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті хабарлады. Енді "Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы" ҚР Заңына сәйкес, биыл 1 қыркүйектен бастап мысық мен итке чип тағу және оларды арнайы есепке қою міндетті болады. Ал үй жануарларының басқа түрлерін, яғни егеуқұйрық, хомяк немесе мини-пигтерді есепке алу ерікті негізде жүргізіледі. Қазақстандықтар үшін электрондық жүйеге жануарлары туралы ақпаратты енгізу - тегін. Дегенмен чип тағу үшін мысық пен ит иелері өз қалтасынан ақша төлеуі тиіс. Оны өтеуге мүмкіндігі жоқ әлеуметтік осал топтағы азаматтарға қызмет түрі тегін болмақ.