Басты жаңалықтар
Кентауда адамдар астан уланды: дәмхана жұмысшыларынан қауіпті инфекция анықталды
- автор kyn.kz
- 7 шілде, 2023
- 328
Санитарлық дәрігерлер Кентаудағы жаппай уланудың жаңа деректерін жариялады. Тергеудің алғашқы нәтижелері "Ризық Рауан" дәмханасында ұсынылған қуырылған тауықтың құрамында сальмонеллез қоздырғышы бар екенін көрсетті, деп хабарлады жергілікті "Отырар" порталы.
Жылдам тағам дайындайтын дәмхана қызметкерлерінен де адам өміріне қауіпті бактериялар табылды. Алты қызметкерде стафилококк ауруы анықталды, олардың барлығы уланған адамдарға қызмет көрсеткен. Қазір олар дәрігерлер бақылауында. Тергеу жалғасып жатыр.
"Зертханалық зерттеуге алынған 37 азық-түлік сынамасының 16-сында оң нәтиже анықталды. Ауру ошағында алынған өнімдердің ішінде микробиологиялық сынамалар бойынша тауық өнімдерінен сальмонеллез анықталды.
Сонымен қатар осы тамақтану орнында қызмет көрсететін 6 қызметкерден, атап айтқанда, аспаз, аспаздың көмекшісі, даяшы, техникалық қызметкер, кассир, жеткізу қызметінің қызметкерінен стафилококк анықталды. Екі қызметкерден, атап айтқанда, салат дайындайтын қызметкер және асхана қызметкерінен сальмонелла қоздырғыштары табылды", - дейді Түркістан облысы бойынша санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Нұрбек Нышанов.
Еске салсақ, 27 маусымда Кентау мен Түркістанның жұқпалы аурулар ауруханаларына бірдей симптомдармен науқастар жиі түсе бастады. "Ризық Рауан" дәмханасында тамақтанғаннан кейін 100 адам ауруханаға жатты. Науқастардың көпшілігі кәмелетке толмаған балалар. Шұғыл ауруханаға жатқызуды қажет еткендердің арасында үш жүкті әйел бар. Зардап шеккендердің көпшілігі қазір үйлеріне шығарылды. Дегенмен, олар әлі де дәрігерлердің бақылауында.
"Соңғы науқас 30 маусымда тіркелген. Кентаудың орталық қалалық ауруханасына жатқызылған 67 науқас толық жазылып шықты. Түркістан орталық қалалық ауруханасына түскен 8 науқастың 6-ы үйлеріне шығарылды, 2 науқас емдеуді жалғастырып жатыр. Түркістан облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мен Кентау қаласы әкімдігінің мамандары тамақтан улану болған дәмханада тиісті тексеру жүргізуді жалғастырып жатыр", - дейді Түркістан облысы бойынша санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Нұрбек Нышанов.
Қазір улану фактісі бойынша құқық қорғау органдары, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі және Түркістан облысы бойынша экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлері тексеру жүргізіп жатыр. Іс бойынша процестік прокурор тағайындалды. Тергеу амалдары жүргізілуде. Полиция "Санитарлық нормалар ережелерін бұзу" бабы бойынша іс қозғады.
Жалпы "Ризық Рауан" дәмханасында былтыр екі рет астан улану жағдайы тіркелген. Бірінші жағдайда әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 425 бабына сәйкес кәсіпкерге 230 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынған. Дәл осы дәмханада күзде тағы 168 адам астан уланған.
Ол кезде Қылмыстық Кодекстің 304 бабының 1 тармағы "Санитариялық қағидаларды немесе гигиеналық нормативтерді бұзу" бойынша сотқа дейінгі тергеп тексеру жүрген. Қылмыстық іс былтыр 30 желтоқсанда аяқталып, зардап шегушілердің кешірім беруіне сәйкес қылмыстық іс қысқартылған.