Димаштың канадалық жанкүйерлері қайырымдылық акциясын ұйымдастырды
Димаш Құдайбергеннің канадалық жанкүйерлері ауыр дертке шалдыққан балаларға көмектесетін Make a Wish Canada қайырымдылық қорына қаражат жинау шарасын ұйымдастырды, деп жазды KYN.KZ Dimashnews.com сайтына сілтеме жасап. Қайырымдылық акциясын қазақстандық әртістің туған күніне орай Dears from the Canada & Dimash фан-клубы өткізді. Make a Wish Canada — өміріне қауіп төндіретін аурулары бар балалардың тілектерін орындауға арналған канадалық ұлттық қайырымдылық ұйым. 1983 жылы негізі қаланған уақыттан бері Make a Wish Canada 37 000-нан астам баланың арманын орындады. «Димаштың балаларға көмектесуге деген ниетінен шабыттанған елдің түкпір-түкпірінен келген Dears қайырымдылық көмекке үлкен қуанышпен үлес қосты. Осылайша, біз 1070 канадалық долларды (360 мың теңге) жинай алдық. Біз одан да көп балалар өз армандарын орындай алады деп үміттенеміз, өйткені үміт - сауығып кетудің кепілі», - деп бөлісті Канада мен Димаш фан-клубының Dears жанкүйерлері.