Түркістандық диқандар: Қауын пісіп, шіріп жатыр. Не өтпейді, малға беруге де жарамайды
Түркістан облысында диқандар қауындарын сата алмай, малға беруге мәжбүр болып жатыр. Әлеуметтік желіде шаруалардың жанайқайы тарады. Онда қауын еккен диқандар жаз бойғы еңбегінің далаға кетіп жатқанын айтады. Сондай-ақ, қауындарын сата алмай, малға беруге мәжбүр болып отырғандығын жеткізген, деп жазды КҮН.КЗ тілшісі KazInform.kz агенттігіне сілтеме жасап. Желідегі жазба авторы Нұркен Мұсаевтың сөзіне сүйенсек Жетісай ауданында қауын еккен шаруалар шығынға батып жатыр. Сондықтан көпшілігі қауындарды арзан бағамен сатылымға қойған. Ал, өтпегенін малға беруде.
Жалпы Жетісай ауданының әкімдігі таратқан ақпаратқа сүйенсек, биылғы жылы қауын дақылы өткен жылмен салыстырғанда 5 мың гектарға жуық артық егілген. Бүгінгі күнге алынған өнімдердің көпшілігі Ресей мен Белоруссия мемлекетіне және Алматы, Астана, Шымкент қалалары мен еліміздің басқа да облыстарына сатылымға жіберілген.
Сондай-ақ, әкімдік қауынды егістік алқапқа тастап жатқан видеоның Жетісай ауданының шаруаларына қатысы жоқ екендігін мәлімдеді.