Бюджет ақшасын жымқырған Ақмоладағы денсаулық сақтау басқармасының экс-басшысына сот үкім шығарды
Ол шетелдік әріптестерімен тіл байласып мемлекеттен бөлінген қаржыға "арзан" құрылғылар алған
Сотта күдіктілер қылмыстық ісі жеке іс жүргізуге бөлінген АҚШ азаматы Юлия Гагаркинамен қылмыстық сөз байласып, 2017 жылы Бурабай ауданының денсаулық сақтау объектілерін сенімгерлік басқаруға беру туралы шарт жасасқанын анықтады. Шарттың талаптарына сәйкес, компания нормалар мен техникалық шарттарға сәйкес келетін бұрын пайдаланылмаған жаңа медициналық жабдықты сатып алуы керек еді. Алайда сотталушылар 1 млрд теңгеден астам сомаға ақшалай қаражатты иемденіп, талаптарға сай келмейтін медициналық техниканы жеткізді, нәтижесінде мемлекетке аса ірі мөлшерде залал келтірілді. Сот үкімімен мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, әрқайсысына 9 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен қатар, кәсіпкердің мүлкі – автокөлігі тәркіленді. Естеріңізге сала кетейік, бұдан бұрын экс-шенеуніктің 8 жылға сотталғаны хабарланған. Сондай-ақ, АҚШ азаматы Юлия Гагаркинаның Щучинск қаласындағы ғимараты мен жері, көлігі тәркілегені белгілі болды. Тергеу оның Бурабай жағалауында орналасқан жер учаскесі бар жеке клиниканың жаңа ғимараты мен Lexus маркалы автокөлікті заңсыз сатып алғанын анықтады. Гагаркина денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшыларымен келісе отырып, клиникалар желісінің иесі ретінде 1 167 513 600 теңге бюджет ақшасын ұрлады деген күдікке ілінді. Ұрлық ескі медициналық жабдықты жаңа тауар ретінде жеткізу арқылы жүзеге асырылды, олардың кейбіреулері жұмыс істемейтін күйде болды.