4 жасар ұлын ұрып өлтіріп, көміп тастаған әке сотта жантүршігерлік жайттарды айтты
Ол өз ұлын өлтіріп алғаннан кейін, жан далбасамен полицияға ұлын іздеткен
«Ұлын ұрып өлтіріп, көміп тастаған» Ақтөбеде төрт жасар баласын өз қолымен өлтірді деген күдікке ілінген әке сот алдында жауап беріп жатыр. Бүгін прокурор жұрттың жағасын ұстатқан қанды оқиғаның жай-жапсарын баяндады. Тергеу мәліметінше, 41 жастағы Артур Ахунов ұлын үйінде ұрып өлтіріп, мәйітті көму үшін арнайы техника мен жұмысшы жалдапты. Жантүршігерлік оқиға былтыр желтоқсан айында болды. Сол кезде қатыгез әке қылмысын жасыру мақсатында ұлына өтірік іздеу салып, полицияға да арыз жазған еді, деп эжазды КҮН.КЗ тілшісі КТК арнасына сілтеме жасап. Баласын өлтірді деп күдікке ілінген әкеге қатысты бүгін соттың алдын ала тыңдалымы. Прокурор 41 жастағы Артур Ахуновтың қанды қылмысқа қалай барғанын егжей-тегжейлі баяндап берді. Тергеудің мәліметінше, айыпталушы ауырып мазасызданған 4 жасар ұлының еркелігін көтере алмаған. Сөйтіп, кішкентай Данилді ұрып өлтіріпті. "Суық өтіп, сырқаттанып қалған бала мазасызданып жылай берген. Сосын бауыры мен әпкесіне барғысы келетінін айтқан. Оны көтере алмаған әкесі агрессия көрсетіп, Данилге дауыс көтереді. Сосын қатты затпен басынан, бетінен және ішінен ұрады. Ауыр соққыдан жерге құлап түскен бала есін жоғалтып, оқиға орнында көз жұмған",-дейді мемлекеттік айыптаушы Саламат Амандықов. Данил үшемнің бірі. Қалған екі сыңары қылмыс күні әжесінің үйінде жүріпті. Еске салсақ, жантүршігерлік оқиға өткен жылдың желтоқсан айында болған. Алдымен қатыгез әке балам жоғалды деп полицияға арыз жазады. Тіпті, еріктілермен бірге іздеу жұмыстарына да қатысады. Бірнеше күннен кейін тәртіп сақшылары төрт жасар бүлдіршіннің мәйітін тапқан. Мемлекеттік айыптаушы өлген баланың денесін Артур Ахунов шімірікпестен үйінің жанында көміп тастағанын айтты. Тіпті, жерді қазу үшін арнайы техника мен жұмысшы жалдапты. "Данил Ахуновтың денесін екіқабатты үйге 100 метр қашықтықта көміп тастаған. Жерді екі метр тереңдікте қазған. Ол үшін эксковатор мен жұмысшыны 20 мың теңгеге жалдаған. Оларға құрылыс материалдарын қоқысқа тастау керек деп айтқан. Қылмысын жасыру мақсатында осындай қадамға барды. Балам жоғалды деп бес күннен кейін хабарлаған",-дейді мемлекеттік айыптаушы Саламат Амандықов. Ахуновқа «жас баланы өлтіру» бабы бойынша айып тағылып отыр. Оған 20 жылға дейін немесе өмірбақи бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Бірақ айыпталушының өзі тергеуге көңілі толмайтынын айтып, кінәсін мойындаған жоқ. "Тергеуші бірқатар заңбұзушылықтарға барып отыр. Мен тағылған айыппен келіспеймін. Ол маған келемін деп өтірік айтты. Осы уақытқа дейін келген жоқ. Мен сот болатынын бүгін ғана білдім. Бұл қалай сонда?!",-дейді айыпталушы Артур Ахунов. Ахуновтың қылмысқа дейін де талай рет үшемді ұрып-соққан дейді прокурор. Жиі таяқ жейтінін балалардың өзі тәрбиешілерге талай мәрте айтыпты. Бұл жағдайдан инспекторлар да хабардар болған көрінеді. Бірақ не үшін дер кезінде шара қолданылмағаны белгісіз. Айта кетейік, қалалық білім бөлімінің мамандары сотқа жәбірленуші тарап ретінде қатысып жатыр.